Жұма, 22 Маусым 2018 16:20

Шымкентте имамдардың халықаралық форумы өтті

Шымкентте имамдардың халықаралық форумы өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның дінбасыларының өкілдері еліміздің үшінші мегаполисінде кездесті. Олар имамдардың қызметі, қазіргі заманғы қоғамдағы дін мәртебесі туралы ең өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан мен Өзбекстанның дін қызметкерлері аймақаралық форумға қатысу үшін жиналды. Күн тәртібінде қоғамдағы діннің мәртебесі, имамдардың, мешіттер мен медреселердің жұмысы секілді өзекті мәселелер талқыланды. Медресе демекші, еліміздің тоғыз медресесінде 200 адам оқиды екен. Бұл да осы жиында белгілі болған мәлімет.

Дін өкілдері білім алушылардың біліміне үлкен көңіл бөледі. Имамдар діни біліммен тәрбие берудің маңызы зор екенін айта келе онымен дұрыстап айналысу керектігіне тоқталды. Бұл жақсы білім базасын қажет етеді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани ынтымақтастық жақсы дамып келеді. Бұған дейін Орталық Азия елдері Рамазан айының алғашқы күнін бір күнде атап өту туралы меморандумға қол қойған болатын. «Бұл форум біріктіруге, бірге жұмыс жасауға көмектеседі. Қым-қуыт тіршілікте жүргенімізбен, Жаратқан иемізді әрдайым есте ұстауымыз керек, біз Исламның ережелеріне сүйенуіміз керек. Біздің көптеген мешіттеріміз, көптеген жастар оқитын медреселеріміз бар. Бұл көңілге қуаныш ұялатады»,- деп, форум қатысушылары өз әсерлерімен бөлісті.

Бүгінгі таңда Қазақстанда төрт жарым мыңнан аса имам бар екен. Оңтүстіктегі дін қызметкерлерінің саны 800-ден асып жығылады. Елдегі мешіттердің үштен бірі Түркістан облысында.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Оқылды 1162 рет