Шымкент қаласының жаңа әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысқан мәслихаттың алғашқы сессиясында қала әкімдігінің құрылымы бекітілді. Әкім қаланың болашақ даму жоспарымен бөлісті. Депутаттар алдымен жаңадан тағайындалған әкімді құттықтағанын айта кетейік. Өз кезегінде Ғабидолла Әбдірахымов Шымқаланы көркейтіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында бірлесе жұмыс істейік деген ниетін білдірді.
Сессияда күн тәртібіне қойылған мәселенің бастысы Шымкент қаласының облыстан бөлініп, респбуликалық мәртебеге ие болуына орай мұндағы бөлімдерді қайта құрылымдау болатын. Бұдан былай қала әкімдігіне қарасты 15 бөлім, соның ішінде тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен тұрғын үй қатынастары бөлімі біріктіріліп, осының негізінде 14 басқарма болып қайта құрылса, оған тағы 8 жаңа басқарма қосылатын болды. Олар – Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Қаржы басқармасы, мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші қон басқармасы, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы.
Қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентке алғаш әкім болған кезінде әкімдікке қарасты бөлімдердегі, әкімдіктің аппаратындағы қызметкерлермен қоян-қолтық жұмыс істескені белгілі. Осы орайда, оларға деген сенімінің сарқылмағанын, Елбасының тапсырмасын орындауда әділдік, қарапайымдылық, тазалық атты үш қағидаға сүйенетінін айтты. Расымен де, бұл қағидаларды ұстанған әрбір қызметкер бағытынан адаспасы анық.
Ендігі жерде Шымкент әкімдігі мен мәслихатына артылар жұмыс көп, жүк ауыр. Мұны өздері де түсінеді. Республикалық мәртебе алған шаһардың бұдан былайғы дамуы көп жағдайда қала басшысы мен мәслихаттың қаншалықты жанкешті жұмыс істей алуына байланысты болмақ. Ең бастысы, ырду-дырду болмай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе әрекет етпесе болмайды. Әкім мен депутаттар сессиядан дәл осылайша бірлесе әрекет ететін болып тарқасты. Еңбектері жемісті де жеңісті болғай.
«AQ-QARA.KZ - ақпарат»