Шымкент – еліміздің оңтүстігіндегі ең шырайлы қала. Алдағы уақытта Шымкент қаласын дамыту мақсатында жалпы аумағы 1,5 миллион гектар болатын Шымкент агломерациясы іске асырылмақ. Мұндағы мақсат – қала аумағына кіретін елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық һәм инфрақұрылымдық мәселелерін шешу.
«Көлік кептелісін азайту мақсатында Қонаев көшесін басты магистраль артерия ретінде қарастырып, ары қарай жаңа жол етіп салу жобасын жасап жатырмыз. Ал келер жылдан бастап шаһардағы барлық қоғамдық көліктер электронды билетке көшіріледі» дейді бұл ретте қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев.
Сондай-ақ қаланың дамуына салынып жатқан тұрғын үйлердің де үлесі зор. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен қамтуда қалада «Шымкент Сити» жобасының орны бөлек. Мұнда жалпы саны 324 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады.«Өткен жылы біз 239 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берсек, биыл 457 мың, яғни екі есе көп шаршы метрді қатарға қоспақшымыз. Шымкент елімізге инвестиция тартудан көш бастады. Тәуелсіздік алғалы бері аймаққа 3 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша іске қосылып жатқан әрбір бесінші кәсіпорын оңтүстікке тиесілі. Сонымен қатар мегополис атанғандықтан, қала бюджеті де еселене түспек» дейді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев.
Ал шаһардың қазына қоржыны қаншаға толығатыны хақында қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова былай дейді: «2019 жылы бюджетіміз 137 миллиардтан 183 миллиардқа жетеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар Шымкент демографиялық тұрғыдан да алдыңғы қатарда тұр. Қазақстанда өмірге келетін әрбір төртінші сәби Шымкентте туылады. Тәуелсіздік алған жылдары Шымкент қаласының аумағы 13 мың гектар болса, қазір 117 мың гектардан асады. Ал соңғы 10 жылда Шымкент халқының саны 45 пайызға өсті. Мәселен, 2008 жылы халық саны 545 болса, биыл 1 миллионға жетті».
Елбасының «Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тарататын жаңа орталық болады» деуі тегін емес. Шымкент қаласының болашағы жарқын, ғұмыры баянды боларына сеніміміз кәміл.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.