Жұма, 13 Шілде 2018 09:49

Шымкентте жаңа автобустар әлеуметтік бағыттарда қатынай бастады

Шымкентке жуырда ғана жеткізілген жаңа автобустар қоғамдық көлік бағыттарына бөлініп, қатынай бастады. Бүйірлеріне қаланың символы - қызыл қызғалдақ салынған аппақ автобустар әзірге үш әлеуметтік бағытта жүр. «T-bus» компаниясы жыл соңына дейін тағы 70 жаңа автобус жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша Шымкент қаласындағы жаңа автобустардың қатары көбейіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін болады.

– Қаламызға жеткізілген 30 жаңа автобус әлеуметтік бағыттарға қатынайды, - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі жетекшісінің орынбасары Жарқын Байдуллаев. – Яғни, бұл қоғамдық көліктер қала орталығынан шалғайда орналасқан тұрғын алабтардың жолаушыларын тасымалдауда. Олар - Ынтымақ, Жаңаталап, Шапырашты, Өтеміс, Абдулабад, Ақжар, Ақтас, Мирас, Бадам-2, Текесу, Айнатас және басқа да елдімекендер. 

Айта кетейік, «Ютонг» маркалы бұл автобустардың сыйымдылығы жоғары, заманауи және қолайлы. Бұл компанияның автобустары бұған дейін де қала көшелерінде қатынап жүр. Осылайша «T-bus» компаниясының өкілдері қаладағы жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсартуға үлес қосамыз деп отыр.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 10155 рет