Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 17:42

Шымкент: Әкімдер халықпен жүздесуді бастады

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай жаңадан тағайындалған әкімдер халықпен жүздесуді бастап кетті. Ә дегенде қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек пен Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреев аудан аумағындағы «Тұран» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. 

Тұрғындар қазіргі таңдағы ең өзекті болып отырған жол мәселесін тілге тиек етті. Бұдан бөлек«Асар 2» шағынауданына да ат басын бұрды. Аудан тұрғындары мектеп, ауызсу, жол және өзге де маңызды мәселелерін жаңа әкімге жеткізді. Қала орталығынан шалғайда жатқан шағынаудан үшін қоғамдық көлік мәселесі түйінін тарқатуды қажет етеді.

Бұдан басқа да толып жатқан мәселелері жетерлік. Кездесу барысында әкім аталған мәселелердің алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуы мақсатында құзырлы мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Және өзінің тікелей бақылауында болатындығын атап өтті. Тағайындалғанына санаулы күн ғана болған әкімнің қарқыны жаман емес. «Жас келсе іске» деп сүйсіндік. «Аудан аумағындағы күрделі мәселелердің түйінін тарқатады» деген ойдамыз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1172 рет