Жұма, 27 Шілде 2018 17:00

Шымкентте жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда

Шымкентте жол инфрақұрылымын жаңалау жұмыстары жалғасуда. Бекжан базары жанындағы және Арғынбеков көшесінің жалғасындағы жолайырықтардың құрылысы қарқынды жүруде. Алайда, қаладағы кейбір көшелерде жаяу жүргінші жолдарды кеңейтуге байланысты жеке тұрғын үйлердің дуалдары мен шарбақтарын, коммерциялық ғимараттардың қоршауларын бұзу қажет.

Шымкенттегі Жібек жолы көшесіне жол салатын техникалар жолдарды асфальт төсеу және жол бойындағы тротуар құрылысы үшін дайындап жатыр. Құрылысшылар жолдың бір жолағын аяқтап, екінші жолды кеңейтуді бастады. Алайда, мамандардың айтуынша, қызыл сызықта орналасқан жекеменшік үйлер мен коммерциялық нысандарға байланысты жол құрылысы жұмыстары кешігуде екен. Сол маңда орналасқан көлік жөндейтін орындар мен дүкендердің иелері құрылыс пен сот процесі аяқталғанға дейін оларды жауып тастапты. Егер жол құрылысына қажетті жер учаскелерін қайтарып алу ұзаққа созылатын болса мердігер компания жолды белгіленген мерімде өткізе алмауы мүмкін екен. Ал содан кейін келісім-шарт бойынша айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Жол құрылысы биылғы жылдың қараша айында аяқталуы тиіс-тін. Бірақ, жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарып алу мәселесінің кесірінен көшені жөндеу жұмыстары созылып, келесі жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұзылатын нысандардың иелері бүгінде мүліктің өтемақысын алу туралы сотқа өтініш жасап қойыпты. Осыған байланысты алғашқы сот процесі 30 шілдеде өтпек.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 12403 рет