Дәл осы бюджет мәселесі қала әкімдігінде өткен сессияда қаралған басты тақырыптардың бірі болғанын айта кетейік. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлнар Құрманбекова мемлекеттік қазынаның қаражатын тиімді пайдаланып, игере білген мекемелерге алғысын білдіріп, бюджет қаржысын игере алмаған мекемелерді сынға алды. Оның айтуынша, қалалық құрылыс бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бюджеттен бөлінген қаражатты толық игере алмапты. Игерілмеген сома – 1 млрд 400 млн теңгені құраса керек.
Қала басшысы алға қойылған міндеттерді орындай алмаған шенеуніктерден есеп алған жоқ. Алайда, мәселені шешуге бір апта беретінін айтты. Бір айта кетерлігі, келесі қала бюджетінің көлемі қанша болатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе жоғарыда айтып өткеніміздей Астанада өтетін жиналыста белгілі болмақ. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов: «Барлықтарыңыз кестеге бойынша Астанаға барасыздар. Елордамен жақсылап танысуға тапсырма беремін. Қайтып келгеннен кейін Астанада жинаған тәжірибелеріңізді осында жүзеге асырып, жаңашылдықтар енгізесіздер деп сенемін»,-деді. Сонымен бірге қала басшысы келешекте Шымкентте салынатын көпқабатты үйлер үшінші мегаполис мәртебесіне сай келетіндей болуы керек деді. Бұл үшін шенеуніктер Астана мен Алматы қалаларына барып, тәжірибе алмасып қайтатын болады.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»