Сенбі, 25 Тамыз 2018 19:45

Түркістанда «Жомарт жүрек» жандарға құрмет көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасында халықты туған өлке мен өңір өмірін жақсартуға ынталандыру, аймақтардың тарихын, мәдениет және салт-дәстүрін таныту, жергілікті халықтың әлеуметтік маңызды проблемаларын шешуге басымдық танытылған. Күллі қазақстандықтарды ұлттық рухани жаңғыруға жетелеген, рухын көтерген, еліне деген патриоттық сезімін арттырған бұл құнды құжаттың еселенген пайдасы бүгінде халық арасында нәтижесін көрсетіп отыр. 

«Туған жер» жобасы аясында атамакеніне, туып-өскен ауылына ыстық ықыласымен жомарттығын танытып, қайырымдылық жасап жатқан азаматтар қатары күн санап артып келеді. «Елімнің тағдыры – менің тағдырым», «Елімнің маған емес, менің еліме берерім көп болуы тиіс» деген ұстанымдағы нағыз патриот азаматтар арамызда жүр. Міне, бүгінгі сәті түскен салтанатты жиында «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген Түркістан қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті халық арасынан шыққан елім деген азаматтарға «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» сыйлығының номинациялары бойынша ерекше құрмет көрсетілді. Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, қайрымдылық акцияларына атсалысып, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге демеушілік жасап көмек көрсетіп жүрген және туған елін көркейтуде, абаттандыруда үлкен жобаларды жүзеге асырған бірқатар азаматтар «Жыл меценаты» «Туған өлке» «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинацияларымен Ерлан Ахметов, Әбдіәшім Есеналиев, Бақытжан Бейсембаев, Еркінбай Шалтанов, Бекзат Байкөбеков қала әкімінің алғыс хатымен, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Ә.Өсербаев Елбасының бағдарламалық мақаласының маңыздылығы мен бүгінгі өткізіліп отырған игі дәстүрдің жас ұрпаққа берер ұлағаты туралы кеңінен әңгімелеп, барша халықты артында ізгі жол, игілікті мұра қалдыруға шақырды. Сонымен қатар түркістандық жомарт азаматтарға үлкен алғысын білдірді. 
Халық арасында елжанды, игі ісі көпке үлгі болатын азаматтарды таныту мақсатында ұйымдастырылған бұл шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 963 рет