Жұма, 15 Наурыз 2024 12:23

Отырар ауданы: Сағындық Қыдырұлының «Алдым – сағым, артым - сағыныш» кітабының тұсаукесері өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Отырар ауданының құрметті азаматы, саналы ғұмырын туған жерінің тарихы мен этнографиясын зерттеуге арнаған қаламгер Сағындық Қыдырұлының «Алдым – сағым, артым - сағыныш» кітабының тұсаукесері өтті. Отырардың отты перзенттерінің бірі Сағындық ағамыздың бұл үшінші кітабы еді.

Бұған дейін «Өмір өткелдері», «Асулар» атты кітаптары өз оқырмандарының жүрегінен жол тапқан болатын. Амал қанша? Бүкіл саналы ғұмырын өңір экономикасының өсіп-өркендеуіне, туған жері қасиетті Отырардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласының дамуына арнаған абзал жан соңғы кітабының жарыққа шыққан сәтін өзі көре алмады. Дегенмен жақсының артында өлмейтін мұрасы, өшпейтін өнегелі істері ұрпағына бағдаршам болып қалды.

Аудандық мәдениет сарайында өткен руханият кешіне абзал жанның замандастары, ізін басқан іні-бауырлары, шәкірттері, туыстары қатысты. Мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков, ҚР Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, орамды ой-толғауларын елдің пайдасына жазып қалдырған салиқалы азаматтың тереңдігін, кемелдігін әңгімелеріне арқау етіп, жаңа кітаптың лентасын қиды.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Мәлік ұзақ жылдар бойы энергетика саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген Сағындық Қыдырұлының адами қасиеттері мен іскерлік қабілеті жайында айтып өтті.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Сағындық Қыдыр ағамызды артындағы қалған ұрпағы, ел-жұрты сағына еске алып отыр. Сағындық ағамыз бір әулеттің ғана емес елдің, халықтың сүйікті перзенті, өзіндік келбеті қалыптасқан дара тұлғасы еді. Асыл азамат өмірінің соңғы жылдарын кітап жазуға арнап, бойындағы бар ізгілікті, білімі мен өнегесін қағаз бетіне жазып қалдыра білді. Ия, абзал жанның бұл сәтті көре алмай кеткені жанымызға батады. Дегенмен «артында бар оңалар» деп дана халқымыз атап өткендей Сағындық ағамыздың ұлдары Еркін мен Уәли Сағындықұлдарының әке өнегесін жалғастырып, шежірелі әңгімелері мен өз күнделігінде баяндалған сағынышқа толы сырларын жинақтап кітап қылып шығаруы даналықтың, ізгіліктің жаққан шырағының сөнбегені деп білемін»,-деді.

Бұған дейін Сағындық Қыдырұлын еске алуға арналған «Сағынып жеткен сыр сазы» атты жазба ақындар мүшәйрасы жарияланған болатын. Арнайы қазылар алқасы құрылып, ақындардан түскен өлеңдерді саралап-сараптап, жүлдегерлерді анықтаған еді. Шара барысында аталған жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. Кеш барысында ақын Нұрғали Сердалиев, Бауыржан Ерман, Раушан Мұратовалар өздерінің арнау өлеңдерін ерекше тебіреніспен оқыды.

Мұнан соң сахна төріне техника ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Омаров, Мүтәлхан Әбілаханов, ауданның құрметті азаматы Мария Белгібай сағым бейнесі сағынышқа айналған замандастары, ел ағасы жайында толғаныстарын айтып, естеліктерімен бөлісті.

Кеш соңын Сағындық қарияның ұлы, елімізге белгілі қаламгер Еркін Қыдыр қорытындылап, тіршілік күйбеңдері мен мақтау-мадақ жиі айтылатын жиындарды емес, өлең-жыр оқылатын басқосуларды жаны сүйетін, аудандағы шығармашыл жастардың қамқоршысына айналған әкенің өнегесі туралы айтып, өз перзентін сағына еске алып отырған қалың еліне, жұртына ризашылығын білдірді.

Оқылды 658 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « Сауранда «Армысың, ағайындар алыстағы» атты кеш өтті