Super User

Super User

КЕЛЕС: ҮЙІНДЕ ЕСІРТКІ САҚТАҒАН...

Полицейлер үйінде есірткі сақтаған тұрғынды анықтады.

Полиция қызметкерлері «Қарасора-2022» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Осы тұрғыда Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның үйінде есірткі сақтағанын анықтады. Полицейлер оның үйін тінту кезінде, 1 дана полиэтилен пакетке салынған жасыл түсті өсімдік ұнтақтарын, 1 дана өсімдік затын тұтынуға арналған полиэтиленді бөтелке және терезе алдынан А4 форматтағы қағазда кептіріліп жатқан өсімдікті айғақты зат ретінде алды.

Оған сараптама тағайындап, нәтижесінде «кептірілген марихуана» екені расталды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекусорларды өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, ер адамның бұған дейін де дәл осы бап бойынша сотты болғандығы анықталды. Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.

 

ТҮРКІСТАН: ЖҰМЫСҚА ТҰРҒЫЗЫП БЕРЕМІН ДЕП 4 000 000 ТЕҢГЕ АЛҒАН...

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрғызып беремін деп 4 000 000 теңгені алған ер азамат анықталды.

Бүгінгі таңда облысымызда қылмыстың өршіген түрі ол -алаяқтық қылмысы. Сондықтан да облыс полицейлері қылмыстың алдын алу мен болдырмау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.

Атап айтсақ, Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйел арызданып, қызын «Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа тұрғызып беремін» деп танысы 4 000 000 теңгесін алдап алып кеткенін көрсеткен. Алайда жәбірленуші әйел күдіктіден 2 жыл бойы уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайтты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Түркістан полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті жұмыссыз тұрғынды анықтады. Орта жастағы күдікті ер адамның жәбірленушіні алдап, ақшаны өзіне алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді.

САРЫАҒАШ: ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН ҰРЛАҒАН...

Полицейлер көліктен ұялы телефон жымқырған күдіктіні анықтады.

Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, көше бойында тұрған өзіне тиесілі автокөліктің ішінен белгісіз біреулер құны 60 000 теңге тұратын "Редми" маркалы ұялы телефонын ұрлап кеткен. Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Жедел уәкілдер тобы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін көрген-білген куәлардан жауап алды.

Сондай-ақ полицейлер жақын маңдағы бейнекамераларды тексеріп, қажетті деген іс-шаралардың барлығын атқарды. Нәтижесінде тәулік ішінде күдікті ретінде ер адам анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай орта жастағы азамат қылмысты жасырын түрде іске асырған. Ол көше бойында тұрған автокөліктің есігі кілттенбегенін байқап, арам ойын жүзеге асырған. Полиция қызметкерлері күдіктінің телефонды базарлардың біріне сатып жібергенін анықтады. Бүгінде ұрланған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көлікте қалдыруға болмайтынын ескертеді. Қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпаңыз.

ТҮРКІСТАН: ТҮНГІ РЕЙД

Түркістан облысының полицейлері түнгі уақытта рейд өткізді.

Жол қауіпсіздігі - басты орында! Осы бағытта Түркістан облысының полицейлері түнгі уақытта Сауран ауданы Самара-Шымкент автожолының 2059 шақырымындағы стационарлық шеп бекетінде рейд өткізді. Негізгі мақсат - азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қадағалау, жол апаттарының алдын алу мен болдырмау.

Профилактикалық іс-шараны Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төреханов пен Түркістан облысы ПД Патрульдік полиция батальонының бастығы полиция подполковнигі Қанат Рақышев бастаған тәртіп сақшылары атқарып, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көлік тізгіндеушілерге жол апатының алдын алуға бағытталған жаднамалар таратты. Түркістан облысының полицейлері: «Бізде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар күнделікті өткізіледі. Қазір республикалық маңызы бар тас жолдың бойында тұрмыз.

Мұнда Түркістан облысына Қызылорда облысынан әртүрлі көліктер кіріп-шығуда. Тәртіп сақшылары көліктердің әрқайсысын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі рейдке Түркістан облысы ПД-ның баспасөз қызметі мен жергілікті телеарналардың журналистері қатысты. Жалпы дәл осы аумақта бір күнде 30-дан аса құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде шетелдік көліктер 12. Сақтандыру полисі жоқ 1 көлік айыптұраққа қойылды»-деп атап өтті.

Өз кезегінде көлік жүргізушілері де аталған шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, жол қозғалысын реттеп, апатты болдырмау мақсатында жұмыс атқарып жүрген полицейлерге алғыстарын жеткізді. Десекте соңғы уақыттағы жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың саны баршамызды толғандырып отыр. Сол себепті, көлік жүргізушілеріне шамадан тыс жылдамдықты асырмай, қарсы жол қозғалысына шығып кетпей, қауіпсіздік белдігін тағып, апатқа алып келетін қандай да бір теріс әрекеттерге жол бермеу керектігі қатаң ескертіледі.

Осы RSS каналға жазылу