Super User

Super User

Полицейлер профилактикалық жұмыс жүргізді

«Полиция - жазалаушы орган емес, қорғаушы орган», осы қағиданы ұстанатын Түркістан облысының полицейлері үнемі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Мәселен күні кеше Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков бастаған полицейлер, Шымкент-Түркістан тас жолы бағытында жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды.

Республикалық маңызы бар бұл трасса, көліктер көп жүретін аумақ. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұнда көбіне тұрған көліктерді жанынан соғып кету жайттары орын алған. Сондықтан 1 айға жоспарланған «Қауіпсіз жол» іс-шарасы кезінде полицейлер жүргізушілермен тілдесіп, жол қозғалысы ережелерін мұқият ұстануға шақырды.

Полиция полковнигі А.Тастанбеков: «Облысымызда жол көлік оқиғаларының бірінші себебі, жылдамдықты шамадан тыс асырудан болады. Оған маневр жасауды, қарсы бағытқа шығуды, үй жануарларының қатысуымен болатын жол апаттарын қосыңыз. Осындай олқылықтардың алдын алуда біз бірінші кезекте ескерту мен түсіндіруді қолға алдық. Яғни әкімшілік хаттама толтырудан бұрын, профилактикаға мән берудеміз. Әрбір тоқтатқан көліктегі жүргізушілерге жол ережесін сақтауды айтып, жаднамалар таратудамыз»-деп атап өтті.

Полицейлер тарапынан түсіндіру шаралары жүргізілгенімен, жол ережесін өрескел бұзған 30 000-нан астам жүргізушіге тиісті жауапкершілігі қаралған. Яғни «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған құқық бұзушылықтар саны да аз емес деген сөз. Сондықтан, құрметті жүргізуші! Жол ережесін сақтаңыз, сізді үйіңізде жанұяңыз күтіп отыр.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің полицейлері тұрғындарға ескертеді

Түркістан облысы аумағында 19 шілдеден бастап «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде жүргізілуде. Аталған іс-шараның мақсаты – аудан аумағындағы жол ережелерін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Аталған іс-шара барысында Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 800-ден астам әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Мәселен, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша 42 мас халде көлік басқарған жүргізушіге хаттама түзді. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға автокөлік құралын басқару кезінде жол қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау, көлікті мас халде басқармауға, сондай-ақ жолда жүргенде жылдамдықты шамадан тыс асырмауды ескертеді.

Түркістан: Жүгенсіз жүргізуші анықталды

Көлігінің мемлекеттік нөмірін өзгертіп, өзгеге 90 мың теңге айыппұл әкелген жүргізуші анықталды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына сарыағаштық тұрғын хабарласып, өтінішін айтты. Жас жігіттің айтуынша, оған жол ережесін бұзбаса да айыппұлдар келіп тұрған. Сондықтан тұрғын көлігінің нөмірін біреу тағып жүруі мүмкін екенін айтып, күдігін жеткізген. Күні-түні қызметте отырған полицейлер, орын алған құқық бұзушылықты анықтауға бірден кірісті.

Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырды. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларын жіті қарау барысында, полицейлердің назарына күмәнді көлік ілінді. Яғни Жедел басқару орталығындағы қызметкерлер, Түркістан қаласы Әмір-Темір көшесінде «Мерседес» маркалы автокөлікті анықтады. Ол полицияға өтініш айтқан тұрғынның нөмірімен жүрген. Осыған орай патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тез арада хабар беріліп, бірден автокөліктің жүрген жері нақтыланып,тоқтатылды.

Белгілі болғандай, «Мерседес» маркалы көлік жүргізушісі мемлекеттік нөміріндегі 1 әріпті өзгертіп, басқа әріпті жапсырып қойған. Яғни сол сәтте оның айыппұлдары өзіне емес, керісінше сарыағаштық тұрғынның атына шығып отырған. 90 000 теңге көлеміндегі айыппұлдардың көбісі жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін болған. Нәтижесінде «Мерседес» маркалы көлік жүргізушінің заң бұзушылықтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 1-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа жеткізілді.

Түркістан облысының полицейлеріне сарыағаштық тұрғын шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдады: «Маған жылдамдықты асырмасамда айыппұл түсіп жатты. Содан айыппұлдардың көбісі Шымкент қаласында орын алғандықтан, Шымкент қаласының полициясына арыздандым. Одан кейін Түркістан облысының полицейлеріне де өтінішімді айттым. Бар ойым өзге біреу менің нөмірімді пайдаланып жүр дегенге келді. Күдігім расталды.

Түркістан облысының қырағы полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында кінәлі көлік жүргізушісі небәрі 3 күн ішінде табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!»-деп шынайы алғысын білдірді. Түркістан полициясы ескертеді: кез келген жүргізуші Заңда белгіленген ережелерге бағынып, соны ұстану қажет. Миллиондап айыппұл арқаламас үшін, жол ережесіне бағыныңыз!

Созақ: Биені сойып сатып жіберді...

Жайылымдық жерде тұрғынның биесін сойып, еттерін ұрлап кеткен тұрғын қамауға алынды.

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның Тасты ауылының маңындағы жайылымдық жерде жайылып жүрген биесін көруге барғанында, оның басы мен терісін ғана көреді. Содан оны белгісіз біреу сойып, етін ұрлап кеткенін айтып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1 «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, күдікті құрықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті ер адам жайылымдық жерге биені сойып, етін алып кеткен. Ол ұрлаған еттерді сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу үшін малдарыңызды бақташының қарауынсыз жібермей, үш жақты келісім жасауға кеңес береді.

Осы RSS каналға жазылу