Super User

Super User

ШЫМКЕНТТІКТЕР 8 ТАМЫЗДАН БАСТАП 400 АЕК КӨЛЕМІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ӨТІНІМ БЕРЕ АЛАДЫ

Шымкентте ағымдағы жылдың 8 тамызынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК көлеміндегі (1 225 200 тг дейін) қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады.

Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.

Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Өтінім беру үшін қажет:

- Порталда тіркелу;

- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады. Мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:

- тіркелген жұмыссыздар;

-29 жасқа толмаған,3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жас кәсіпкерлер;

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

- еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;

- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

- өңіраралық қоныс аударушылар

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;

- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

-асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

-жастар (29 жасқа дейін).

Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде береді.Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ ХХ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырмасыншы сессиясы өтті. Күн тәртібіне сәйкес Шымкент қаласында білім берудің сапасын арттыру және жаңа оқу жылына дайындық; жылу маусымына дайындық шаралары; мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы; Шымкент қаласында құрылған бесінші ауданға атау беру, сонымен бірге бірқатар мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі көтерілді.

Білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева биыл 24 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтінін айтты. Сонымен қатар, бұл жылы өткен жылға қарағанда 1-сыныпқа баратын балалар саны 3 мыңға артқан. Бастауыш сынып оқушылары толығымен осы жылы да бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.

Ал, Энергетика және ифрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы қаладағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 20 қыркүйекке дейін толығымен аяқталатынын жеткізді. Бүгінде жылу қазандықтары 80 пайызға, сорғы стансалары 82 пайызға, көп қабатты үйлер 74 пайызға дайын.

Жиынның қорытынды сөзінде шаһар басшысы Мұрат Әйтенов жаңадан құрылған бесінші ауданға «Тұран» атауының берілуі тарихи тұрғыдан ерекше шешім екенін атап өтті.

- Құрылған жаңа «Тұран» ауданы қаламыздың оңтүстік-батыс бөлігінің дамуына ықпал етеді деп сенемін. Сонымен бірге, сессияда бағалау аймақтарындағы жер учаскелері базалық ставкаларының түзету коэффициенттері; қоршаған ортаға эмиссия мөлшерлемелері; мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу мөлшері бекітілді; абаттандыру қағидалары; коммуналдық қалдықтардың түзілуі және жинақталу нормалары бекітілді; «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру Қағидасына» өзгерістер енгізілді. Қабылданған шешімдер қаламыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына оң серпін береді деп сенемін, -деді.

 

ШЫМКЕНТ ҚОРЖЫНЫНА 6 АЙДА 500 АЛТЫН МЕДАЛЬ ТҮСТІ

Бұл туралы денешынықтыру және спорт басқармасының  басшысы Б.Тұманбаев Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке есеп бергенде белгілі болды. Басқарма басшысы шымкенттік спортшылардың жетістіктері мен алдағы жоспарларымен де бөлісті.  

Биыл алты ай қорытындысымен, 3 ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері, 32 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 148 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 232 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

Қала спортшылары спорт түрлері бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 416 алтын, 372 күміс, 398 қола медаль жеңіп алды. Азия чемпионаттарында қала спортшылары 39 алтын, 18 күміс және 24 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 28 алтын, 15 күміс және 8 қола медальға ие болды. Дүниежүзілік гимназия ойындарында 11 спорт түрінен 23 спортшы қатысып, нәтижесінде 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Европа чемпионаттарында 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңді.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Кашиас-ду-Сул қаласында /Бразилия/ өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарына еркін күрестен 70 кг. салмақта Рсалы Сабыржан және 65 кг.салмақта Пернеш Шадияр қатысты. Нәтижесінде Рсалы Сабыржан 2 орын, Пернеш Шадияр 5 орынды жеңіп алды.

Қала басшысы олимпиада резервін даярлайтын мектептердің жұмысын қолға алуды, бұқаралық спортты дамытуда түсіндіру, жан-жақты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2021 жылдың II- жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. 2022 жылы жан басына шаққанда қаржыландыру жобасының мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 миллион теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16%-ын қамту жоспарланған болатын. Бүгінгі күні мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 130 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 85 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтті. Қазіргі таңға дейін, мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша ата-аналардан 17 спорт түрі бойынша жалпы саны 22 536 өтінім түсіп, 17 234 баланың ата-аналарымен келісім-шарт жасалды. Балалар аталған бағдарлама негізінде баскетбол, бокс, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, каратэ, таеквондо, жүзу, үстел теннисі, футбол, шахмат, көркем гимнастика, волейбол, пауэрлифтинг, қазақ күресі, футзал, тенниске қатыса алады. 2022 жылдың қаңтар айында – 109 миллион теңге, ақпан айында – 179 миллион теңге, наурыз айында – 208 миллион теңге игерілді. Осы жоба аясында 264 жаттықтырушы және 150-ге жуық басқада қызметкерлер жұмыспен қамтылды. Жалпы саны 414 адам. Мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы 2023 жылы 18 000 баланы (20%), 2024 жылы 20 000 баланы (22 %) спорттық секциямен қамтамасыз ету жоспарлануда.

ШЫМКЕНТ 100 ПАЙЫЗ МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАШАН ҚАМТЫЛАДЫ?

Шымкентте өткен жылы интернет сапасы төмен Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станция А-2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р-32, Ынтымақ-2, Абдулабад, Забадам, Қайтпас-1, Нұртас, Асар, Самал-3 шағын ауданына базалық станциялар орнатылды. Осылайша, 14 елдімекен яғни, 136 071 тұрғын сапалы интернетке қол жеткізген болатын. Нәтижесінде Шымкент қаласы аумағының 92%-ы сапалы интернетпен қамтылды.
Биыл тағы да 12 елдімекенге оптикалық интернет қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елдімекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Бұл туралы қала әкіміне 1-жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген цифрландыру басқармасының басшысы Ә.Әбдіраханов баяндады.

Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды.

Ал, оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елдімекенге талшықты оптика желісі қойылады.

Тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.

Есепті тыңдаған қала әкімі М.Әйтенов салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыруды, интернет күшін жоғарылату бойынша қосымша жоспар жасауды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейк, былтыр шалғай елдімекендерді интернетпен қамту үшін базалық станциялар қойылған болатын. Мобайл операторлармен бірге жұмыс істелді.  Айтпақшы, қазір қала аумағында 30 қоғамдық орында тегін Wi-Fi қызметі қосылған. Атап айтар болсақ: Орталық саябақ, Абай саябағы, Тәуелсіздік саябағы, Цитадель, Қошқарата өзені жағалауы, Жеңіс саябағы, Металлургтер саябағы және Дендросаябағында ақылды күнбағыс құрылғылары бар. Сонымен қатар, қалада Wi-Fi тарататын жүйе бар. Астында Wi-Fi аймақ деген белгі қойылған. Былтыр: Арбат, Бәйдібек би, Қазына саябағына, Дендросаябаққа, Наурыз алаңы, Шәмші аллеясына, Қызғалдақ субұрқағының маңына, Әкімдік ғимаратының артқы жағындағы саябаққа және Нұрсәт алеясына қойылды.  Биыл тағы 9 қоғамдық орынға, яғни 25 нүктеге қою жоспарлануда. Осылайша, қаланың барлық қоғамдық жері тегін Wi-Fi-мен қамтылады.

 

Осы RSS каналға жазылу