Super User

Super User

Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғам үшін қауіптілігі

Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығы осындай тақырыпта жастарға семинар өткізді.

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады.

Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай.

Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.

Түркістан: Жастардың деструктивті діни ағымдарға кетуінің салдары

Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ мамандары осындай тақырыпта қалам қаузады. Деструктивті діни ағым жақтастары жастарды өздерінің мақсаттарына пайдалану барысында түрлі әдіс-тәсілдерін қолданып жатады. Қолданған әдіс-тәсілдерінің барлығы адамның психо-физиологиялық болмысын жаулап алудың жолдары. Егер олардың айтқандарын орындаған адам, сол ортада сол бағыттағылармен жалған ұғым түсінік деңгейінде болса да еркінен тыс қосақталған болса, көп жағдайда олардың құлақкесті құлдарына айналады. Тіпті, еліктіру-желіктіру әдістері шалық, экстаз, транс әлеуеті шегіне жеткенде кісілік қарым-қабілетін жоғалтып қатты әсерленеді. Бұл олардың зомбиға айналған түрі. Яғни ақылдың қызметін гипноз, бейтараптау амалдары ауыстырғанда оның өзіндік «мені» істен шығады. Адам шын мен жалғанның арасында ақиқатты түйсіну, түсінуден шеттеп қалады. Бұл арада міндетті түрде діни орта, немесе діни ұғым-түсініктер талаптары мен шарттары араласуы қажет етілмейді. Дін бұл арада тек қана «бүркеншік» (масканың) қызметін атқарады.

Қазіргі таңда түрлі ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарымыздың барлығының дерлік діни сауаты төмен екені белгілі. Олардың кейбірі мүлдем білім алу қажет емес десе, енді біреулері тек қана өздерінің шетелдегі шейхсымақтарынан ғана тәлім алуға шақырады. Осылайша онсыз да тар болған түсініктері одан әрі саяздана береді.

Қараңғылықты жарық жояды, надандықты білім. Сондықтан, қараңғылықтың жауы – жарық, надандықтың жауы – білім. Діни сенім адамдардың дүниеге, жаратылысқа, өмірге, қоғамға және өзіне деген көзқарасын айқындайды. Қазіргі тоталитарлық деструктивті діни ағымдарды бір сәт шолып көрсеңіз, бұлардың өз топтарының өміріне толығымен иелік етіп, толығымен өз уысында ұстап, билеп-төстейтінін байқайсыз. Ал өз бағыттарына қосылмаған жандарды олар жақтырмайды, тіпті, өз идеологияларына қарсы пікір білдірушілерді алуан түрлі айла-шарғымен бопсалауға, қоқан-лоқы жасауға, үркітіп-қорқытуға дейін барады.

Деструктивті діни ағымдармен күресудің ең басты жолы ғылым-білім арқылы күресу. Оқыған, білімді, әлемде болып жатқан жаңалықтардан жан-жақты хабары бар, еркін ойлау қабілетінен айырылмаған, санасы уланбаған, көзі ашық, гуманизм принциптеріне берік, елінің болашағын ойлайтын, ілгерішіл, талапты да талантты қоғам ғана әлемдегі ең ауқатты және дамыған елдердің қатарынан көріне алады.

 

Түркістан: Мемлекет және дін

Қазіргі кезде әлем елдерінің көпшілігі зайырлы мемлекет болып табылады. Әлем елдерінің бәрінің өз діндері бар және дәстүрлі діндеріне басымдық беріп, көңіл бөлінеді, шектеу жасалмайды. Заң бойынша да белгілі бір деңгейде ерекшеліктер беріледі. Кей мемлекеттерде ислам, буддизм деген секілді діндер ресми мойындалған. Алайда, басқа да көзқарастардағы азаматтардың дін таңдау бостандықтарына тыйым салмайды. Әлемдік тәжірибеде дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы бірінші кезекте Конституция және арнайы заңдар арқылы реттеледі. Ал, бізде ҚР Конституциясында әрбір Қазақстан азаматына сөз бостандығы, діни наным-сенім бостандығы кепілдендірілген. Сонымен қатар, ҚР шетелдермен және халықаралық ұйымдармен жасаған келісімшарттары бар.  Қазір біз діни наным-сенім бостандығы және ар-ұждан бостандығы деген екі ұғымның арасын ашып алуымыз керек. Діни бостандық азаматтарға өзі қалаған дінді ұстануға мүмкіндік береді. Ал, ар-ұждан бостандығы ұғымына дінді ұстану және ұстанбау, басқа да дүниетанымдық тектері бар.

Қазақстандағы дін мен мемлекет қарым-қатынастары негізінен  Конституция арқылы және 2011 жылы қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Дін және мемлекет» деген 3-бабы  арқылы реттеледі.

Соңғы кездерде мемлекет дін мәселесіне көңіл аударуда. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңда» Әбу Ханифа бағытындағы ислам діні мен Православиялық христиан дінін халқымыздың рухани-мәдени дамуына үлес қосқан деп көрсетілген. Бір анық жайт, мемлекет еш уақытта дінге көз жұмып қарай алмайды. Өйткені,  ел азаматтары – мемлекеттің басты құндылығы. Ел азаматтарының рухани көзқарастары да маңызды. Сондықтан, мемлекет дінге ешуақытта бейтарап бола алмайды.

Зайырлы мемлекет саясатының жағымды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу болып отыр. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің «Кафирун» сүресінің 6-аятында «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» деп айтылған болса, «Бақара» сүресінің 256-аятында «Дінде зорлау жоқ» делінген. Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды. Ешбір діннен бет бұрмайды әрі олардан алшақтамайды. Олардың құқықтарының теңдігін сақтауды өз міндеті деп біледі.

Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тапқан зайырлылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Оның негізгі мазмұны басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде азаматтар үшін тиімді өмір сүру салтының оң мәнін табудың ізденісін білдіреді. Қазақстанда дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермейді.

Еліміздің Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген. Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi. Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары ел заңнамаларында белгiленген өз құзыреттерiне сәйкес жүзеге асырады.

Қорыта келе, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы болып табылады. Демек, біздің еліміз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға бағытталған дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайту басты міндет болып табылады.

 

Б.Өтеген

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы           

 

Түркістан: Псевдосалафиліктің алдын алу

Қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған, әліде өзінің өзектілігін жоғалтпаған басты мәселелердің бірі – жат ағым. Қазақстан соңғы он бір жылдықта діни алауыздықтан ауыр зардаптарын шегіп келеді. 2011 жыл, 2012 жыл, 2016 жыл және 2022 жыл Қазақстан тарихында террорлық оқиғаларымен есте қалды. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері болған қанды қырғынды жат ағымының өкілдері жасады деп ресми мәлімдеген болатын. Ал 2022 жылы болған «Қаңтар оқиғасы» мемлекетіміз үшін зор сынақ болды. Онда елімізде деструктивті діни ағым деп танылған «Якин Инкар» ұймының мүшелері қатысқаны белгілі болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасының дін туралы заңында діни бірлестіктердің қызметіне толық бостандық берілді, яғни 1992 жылғы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданып 2011 жылғы 11 қазанда өз күшін жойды. Бұл аралықта елімізге заң аясында көптеген халықаралық діни ұйымдар, соның ішінде  деструктивті діни ағымдар да шоғырланып үлгерді. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел болғасын, мемлекет өз азаматтарының белгілі бір рухани ғұрыптардың орындалуына кедергі келтірмей, діни таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) өз еркіне берілген. Әрине, мұның барлығы еліміздің тиісті заңнамасына қайшы келмесе. Яғни, адамның діни сенім бостандық құқығы өз еркінде, ал егер өзінің жат, теріс ойларын насихаттайтын болса, басқаларды тарта бастаса, онда мемлекет шектеу шараларын қолданады.

Дін – қоғамның ажырамас бөлігі болғандықтан әсіресе жастарымыздың діни санасы деструктивті ағымның ықпалынан адасып түсіп жатқандар да аз емес. Бүгінгі бұқара халықтың басым көпшілігі арасында псевдосалафизм сияқты деструктивті діни ағымға тыйым салу туралы мәселе көп көтеріліп жүр. Неліктен біз оған заң жүзінде тыйым салмаймыз? Себебі псевдосалафилер еш жерде ұйым ретінде тіркелмеген, олар қауымдастық ретінде әрекет етпейді. Ешкім ресми түрде: «Мен салафимін» деп жар салмайды. Біз бұл жеке адамдар екенін білеміз, олар өздерін Ислам дінін ұстанушыларымыз деп санайды, бірақ олар ұйым ретінде әрекет етпейді. Әйтседе, бұл – иделогия, көзқарас, ой, тек наным-сенімдер жүйесі ғана болып табылады. Бұл мемлекеттің тыйым салуды көздемейтіндігіне нақты дәлел. Бірақ, мемлекет осы деструктивті идеологияның таралуына тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.

Дінтанушы сарапшылардың тұжырымына сүйенсек псевдосалафизм идеологиясы бастапқы кезде өзіндік ерекшеліктерімен көзге түссе, кейін қоғамға сіңісу мақсатында өздерінің ұстанымдарын өзгертумен айналысуда. Яғни идеологияларын трансформациялау арқылы қоғамның бір мүшесі ретінде өздерін жасыруға көшті. Мысалға қазақ жұртының қалың бұқарасы уахабистер өз атауын «салафиттер» деп өзгерткендігі туралы жақында ғана білді. Салафиттер өздерін Ислам шеңберіндегі жеке және «ең дұрыс» діни ағым ретінде жариялайды. Салафизм деген термин ХХ ғасырдың басында қалыптасқан, осы бағытты насихаттаушы Әлбани: «біз уахабилер емеспіз, салафиттер жолын ұстанамыз» деп жариялағаннан кейін өз атауларын өзгертуге себеп болған. Бұл оған дейін тарихта «Уахабилер қозғалысы» деп танылған. Салафизм мен уахабизм екеуі бір ұғым.

Салафизм  сөзінің шығу төркіне келетін болсақ, «салаф» деген алдыңғы өткен буын. Мұхаммед пайғамбар «ең қайырлы буын ол – менің буыным» деген. Ғұламалар пайғамбар, сахабалар өмір сүрген үш ғасырды қайырлы кезең деп атайды.

Псевдосалафизм идеологиясының заңды, мемлекеттік билікті мойындамайтындығы немесе қолдамайтындығы белгілі. Бұл тенденцияның мақсаты мемлекеттіліктің жалғыз түрі – халифат, ал шариғат – құқықтық реттеудің бірден-бір жолы деп есептейді және қасиетті құран мен хадисті теріс интрепретацялауға бейімделген идеология болып табылады. Псевдосалафизм идеологиясының ең маңызды элементі – ислам мемлекетін құру үшін күресу, жиһад идеясын бұрмалап тарату.

Бүгінгі таңда деструктивті діни ағым идеологияларын насихаттау біршама жүйемен іске асырылады. Ақпаратты кітап күйінде және интернет желісінде жаппай мыңдаған жалған діни ақпараттар таратумен айналысады. Осы материалдарды  сараптау мақсатында Қазақстанда төрт мемлекеттік органға әлеуметтік, табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар кезінде интернет және байланыс құралдарын бұғаттау құқығы берілді. Осы мекемелер тарапынан жыл сайын интернет ресурстарында 100 мыңға жуық сайттар, күдікті материалдар бұғатталуда.

Еліміздегі діни ахуалды тұрақты ұстау үшін мемлекет тарапынан аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ.  Тыйым салынған діни ағымдардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылып, деструктивті діни ұйым өкілдерінің шырмауында кеткен адамдарды қоғам қатарына қайта қосу үшін әртүрлі шаралар қолға алынған. Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізілуі және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру. Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремисттік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару арқылы. Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асыру қажет. Ал екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, әрі оларды қайта оңалту жолдарын, айла-тәсілдерін зерттей отыра, ондай шараларды іске асыруды қолға алу бүгінгі күніміздің талабына айналды.

 

А.Дүйсен

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ теолог маманы                                       

Осы RSS каналға жазылу