Super User

Super User

Дін ұғымы – қазақ ғұламаларының көзқарасымен

Дін – адамзат тарихында жаратылысынан бері бар әрі барлық дәуірде адаммен бірге жасасып келе жатқан ұлы күш. Адамның ішкі сұранысында әлденеге сеніп өмір сүру әуелден бар қажеттілік. Сол себепті діннің адамзатқа ықпалы қазір де өз күшінде. Адамзат тарихында жекелеген дінсіз адамдар болғанымен, дінсіз қауым, дінсіз қоғам болмаған. Қазірге дейін шамамен 10 мыңнан аса дін мен діни наным-сенімдер пайда болған. Жер шарында 8 миллиардқа жуық адам болса, солардың 85%-нан астамы қандай да бір діни сенімді ұстанады. Ал 50%-нан астамы христиан діні мен ислам дінін ұстанып өмір сүруде. Ғалымдар өлімге шара табылмайынша, дінге деген мұқтаждық жойылмайтынын айтады. Кезінде дін бар болғаны сауатсыздықтан, табиғат күштері мен өмірдегі қиындықтардың алдындағы шарасыздықтан туындағанын айтушылар да болған. Бірақ уақыт көрсетіп отырғандай қазір жан-жақты дамыған әлемде де дін өмір сүріп келеді.

Дін – адамзат қоғамының ажырамас бөлшегі. Ал осы дінді қазіргі күнде қалай түсінудеміз. Ислам теологиясына сүйенер болсақ дін мен ислам бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Барлық діндердің мақсаты – адамзатты ізгілікті іс жасауға шақыру. Ал жалпы діндердің ұқсасы – барлығында ақырет, жұмақ, тозақ секілді құбыластар кездеседі. Ислам дінінде ең алғашқы түскен сүре Алақ сүресі «Иқра» яғни «оқы» деп басталады, сол себепті білім алу мұсылман адамға парыз деп түсініп жатамыз. Ислам бейбітшілікті қалайды деп жер-жерде түрлі деңгейде конференциялар өтіп жатыр. Бірақ неге ислам дінінің алғаш тамыр жайған жері Таяу Шығыста әлі күнге дейін қантөгіс пен аштық, ауру мен бесіктен белі шықпаған балалар қалам алуға емес қаруға асығады. Ол жақты алмай-ақ өзімізге келер болсақ: мен әлхамдулиллах мұсылманмын деп өз ата-бабасының ұстанған салт-дәстүрін жоққа шығарып, қыз баласын қаласын қаламасын тұрмысқа беріп құтылуға асығатын келте балақты діншіл азаматтардың қатары көбеюде. Әдебиетімізді ашып қарар болсақ «намазхан» деген сөзді таппаймыз. Бірақ намаз оқитын мұсылман жамағатын көрсе «намазхан бауырлар» деген тіркес қосыла айтылатын болып жүр.

Әлеуметтік желі арқылы Құдайдың атын пайдаланып қалың бұқараның қалтасындағы соңғы тиынына дейін алдап тартып алып жатқан оқиғалар қаншама. Осы оқиғалардың барлығы Шәкәрімше айтқанда: «Жаман тәпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат» дегеніндей көптеген адамдардың діннен жерінуіне алып келуде. Ал шын мәнінде дін дегеніміз не? осы ұғымды қазіргі күнде кім қалай түсінуде және кезінде ата-бабамыз қалай түсінді, осы сұрақтарға жауап бере кетуді жөн көрдік. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) мақтаған адам бойындағы асыл қасиеттің бірі сабырлылық, ұстамдылық. Ежелгі Баласағұн қаласынан шыққан ақын Жүсіп Баласағұн «Құтты Білік» атты еңбегінде жыр жолдарымен былайша жеткізіпті:

«Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа!

Күйіп-пісіп, өзіңді отқа құлатпа

Қай істе де жоғалтпағын сабырды

Ұстамдылық үйірер мал бағыңды» деп сөзден маржан түзіпті. Ақыл іздеген жанға осы жыр дастанды ұсынар едік.

Бір күні Алла Елшісіне (с.а.с) бір кісі келіп: «Уа Алла Елшісі (с.а.с) мұсылман деген кім? деп сұрақ қойыпты. Сонда Алла Елшісі (с.а.с): Тілімен де ісімен де ешкімге зиян тигізбеген адам» деп жауап берген екен. Осы жолды бекем ұстанған көкірек көзі ашылып Шыңғыстаудың баурайында үй тіккен Шәкәрім қажы көптеген өлең жолдарында осы қағиданы дәріптеген. Яғни ешкімге зиян тигізбе, арлы бол, ұятты бол, намысты бол, рахымды, ынсапты бол деумен өмірін өткізді. Сол себепті «қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десең мың жылдай қыл ғибадат» дегені. Одан алдын күллі түркі жұртына ортақ ұстаз болған Қожа Ахмет Ясауи:

Кәпірге де қастық қылма жаралар

Ол Құдайдан безуменен барабар

Тозақ дайын талақ қылсаң сүннетті

Менен бұрын айтып кеткен даналар... Яғни бұрыңғы қазақтың дәстүрлі діни танымында кәпір де болса берме азар деген қатаң қағида орын алған. Бұл нағыз мұсылман үмметінің жолы десек болар. Дінді ешқандай пендеге қиянат жасамау деп ұғынсақ Шәкәрім қажыға тағы да қайта оралмақпыз.

Адамның айуаннан айласы мол,

Қит етсе, қиянатқа қояды қол.

Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек-

Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол, және тағы да бір өлеңінде:

Жүрегі таза адамдар

Зұлымдықтан амандар,

Қиянатсыз надандар

Әулиеден кем емес деп, биік дәрежеге көтерді. Ал әулие деп Құдайдың сүйген құлдарын, достарын атаса керекті.

Ғылымсыз – дін ақсақ және соқыр. Бұл бұрыңғы өткендердің сөзі. Дін деген осы екен деп отырып тұрып намаз оқып, ықылас-пейілсіз ораза ұстай беруге де болмас. Құлшылыққа да ғылым керек. Құбыланы табу үшін құбылнама пайда болды, уақытты есептеу үшін сағатты ойлап тапты. Ораза кезінде айды есептеуге де ғылым керек. Ғылымның нәтижесі әсіресе XXI ғасырда қатты сезілуде. Ал қазіргі қоғамға тек қана ғылыммен ғана озу жараспақ. Академик Асқар Жұмаділдаев айтқандай: «Ғылымның барлығы қазаққа керек». Мұны байқаған Хакім Абай кезінде жиырма бесінші қара сөзінде: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет (оқыт)! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма»!

Әрине Абайдың заманында ғылымы озық орыс ұлты болатын. Батысқа қол сермеу үшін орыстың тілін білу қажет еді. Ал қазіргі кезде мүмкіндік көп. Сондай-ақ оныншы қара сөзінде: «Ғылымсыз ахиретте жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбір ғибадат орнына бармайды» деген сөзін ескерсек, дін дегеніміз ең әуелі – білім мен ғылым екені даусыз. Себебі Абайдай ұлы тұлға әзірге қазақта жоқ-ақ.

Хақ мұсылман кім болар-

Айтса сөзі шын болар.

Рахым,ұят, ар, ынсап-

Төртеуі болса дін болар. 

Мұсылман адамның тағы бір бойынан табылар қасиеті – кеңпейілділік. Ол да Жаратқанның сүйген амалы.

Тәңірі жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген қиянат.

Ақ жүректі ертерек

Ескердағы қыл әдет.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бүгінгі мақала тақырыбына арқау болған Шәкәрім қажының бір шумақ өлеңімен түйіндесек:

Есіл түзу пішінді,

Түзете алмай қысылды.

Сен құбылмай тек отыр,

Түзетсін Құдай ішіңді.

Демек діндар болу, мұсылман болу әуелі өзіңді түзетуден басталмақ. Мен мұсылманмын деген қазіргі қазақ қоғамына жоғарыда айтылған өлең жолдарынан ғибрат алу керек секілді. Сонда ғана еліміздегі дінді тек құлшылық дейтін буквалистік пайымнан арылатын секілдіміз.

Қ.Қосмаханов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы   

Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғам үшін қауіптілігі

Деструктивті діни ағымдар өз қатарын мейлінше көп адамдармен толықтыруға асығады. Сол үшін мұндай ұйымдардың өкілдері алдап-арбау жұмыстарында өтірік айту, мәліметті бұрмалап жеткізу, арнайы психологиялық айла-тәсілдер қолдану секілді ұнамсыз істерге барып жатады. Теріс пиғылды ұйымдар қоғамға өздерін діни, емдік, сауықтыру, мәдени, қоғамдық қорлар, пансионаттар, саяси немесе білім беру орталықтары ретінде көрсетуге әрекеттеніп, жақтастарының санын көбейтуге тырысады. Деструктивті діни ағым уағызшылары ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде барынша белсенді болуға тырысады. Ғаламтордағы экстремистік сайттардың ықпалымен бірге, шет елден діни білім алған псевдошейхтардың, псевдоғалымдардың уағызы арқылы қалыптасқан жамағаттарда қаншама азаматтар уланып, келер ұрпақтың қазақ емес тек мұсылман болып, дәстүрден, ділден сусындамай өсіп жатқандығы ойландыратын жағдай. Осындай керағар діни уағышылардың улы уағыздарына уланбаудың басты жолы – діни сауаттылықты қалыптастыру. Діни сауатты болу үшін белгілі-бір діни курсты бітіру шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез-келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. Сондай-ақ, ұлттық дәстүрдің ислам шарттарына қарсы келмейтіндігін, тіпті үндесіп тұратындығын байқау үшін де асқан сауаттылықтың қажеті жоқ.Алайда, Құдайды «қолдан соққан» теріс ниеттілер буыны бекімеген жастарды ата дәстүрден, оқу-білімнен, мәдениет пен әдебиеттен, өз ортасынан жырақтатып, үйіріне қосуға бар күшін салып жатыр.Жас буында, әсіресе, дін мәселелерінде дұрыс түсінік қалыптаса қоймайды. Сол түсінігін кеңітеміз деп олар әлеуметтік желілерге жүгінеді. Әлеуметтік желілердегі жағдайды өзіңіз де білесіз. Кез келген ағым өзінің идеологиясын насихаттау үшін осы жолды барынша пайдаланады. Осы әлеуметтік желіде әртүрлі айлалармен, технологияның даму жетістіктерін пайдалану арқылы «рекруттік» шараларын кеңінен іске асырады. Ол жерде олар каналдар, топтар ашып, үгіт-насихатын жүргізеді. Құзырлы орындар оларды құрықтау үшін барын салып, каналдар мен топтарды бұғаттап жатса да, олар басқасын ашып үлгереді. Бұл тұста әлеуметтік желілердегі каналдар мен топтарды жабу процесі ұзақ та, ал қайта ашу процесі оңай екенін атай кету орынды. Әлеуметтік желідегі жұмысқа қоса, жер-жерде арнайы орталықтар ашылып, қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оған қаражат белгісіз бір жолдармен сырттан келетіні сөзсіз. Осындай орталықтарда кезінде араб тілін оқытамыз деп, қанша жастарымызды арбады. Діни әдебиеттерді аударып, тегін таратты.Жастардың діни көзқарасына олардың ата-анасы әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Көп жағдайда солай болады. Ата-ана бір көзқараста, бала басқа көзқараста болу – өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан жат діни ағымдар өкілдерінің санының артуының бір себебін осыдан көруге болады. Жастарымызды ондай жат идеологиядан сақтауымыз үшін олардың бойында иммунитет қалыптастыруымыз қажет. Мұндайды біз қоғамда профилактикалық, яғни алдын алу жұмыстары деп жатамыз. Міне, осы жұмыс барысында қоғамға, әсірессе, жамағатқа, оның ішінде жастарға дәстүрлі дін принциптерін насихаттауымыз, түсіндіруіміз қажет. Діннің негіздеріне не жатады, дініміздің елге келу тарихы қандай, ата-баба ұстанған жол қандай болғанын кеңінен баяндауымыз керек. Одан қалды әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүріміз қайдан бастау алады, негізі қайда екенін көрсетуіміз ләзім. Кейін жат діни идеологиялардың пиғылын анықтап көрсетіп, олардың бұрыстығын баяндап беруіміз керек. Оларды осылайша сақтандыра аламыз. Дәстүрлі дінді насихаттаушылар мен дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттаушылардың айырмашылығы – деструктивті діни ағымдардың заманауи технологияны жақсы қолдануында. Мысалы, қазіргі технологиялардың әлеуметтік желілердің пайда болмаған кезінде, яғни 90-жылдары салафиттік ағымдар тапсырыс беріп, кітаптарын Ресейден алдыратын. Себебі, КСРО кезінде кітап оқу сәнге айналды, ал 90 жылдары газет пен кітап жұмыссыз халықтың ермегі болды. Сондай деструктивті ағымдар кейін экранға ауыз салды. Түрлі әлеуметтік желілерге, ғаламтор беттеріне жігерлендіретін видеороликтер жібереді, пабликтерге қатысады. Қызықтырып әкететін контенттермен санаға ене бастайды. Алғашында қабылдауға жеңіл ақпараттар ұсынады, содан соң тақырыптары сатылап өсіп, ақыр аяғы «ата-анаңмен бірге тамақ ішпе, ол – кәпір» деген сынды қатерлі идеялогияларын емін-еркін жүргізе береді.Ал енді дәстүрлі ислам дініндегі мұсылмандардың саны барынша көп болғанымен, салыстырып қарасақ, олардың қазіргі заманауи технологияларға бейімделу процесі баяу жүруде. Мысал үшін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ресми сайтын алып қарастырайық. Контенттері бірден қабылдауға, түсінуге қиын тілде жазылған. Тағы бір кемшілігі – ақпараттың 90%-і қазақ тілінде ғана. Деструктивті діни ағымдарға кетіп жатқан кімдер? Олардың көбі – орыс тілді азаматтар. Заманауи технологияларды дұрыс қолдана алмау, ақпараттың жеткілікті дәрежеде таратылмауы, дәстүрлі емес діни ағымдардың өз «өнімін» бос нарыққа оңай сатуына жағдай тудырып отыр. Бұл – дәстүрлі діни ұйымдардың ғана емес, біздің мемлекетіміздің бейімделмеуінен. Яғни, мәселенің салдарымен күреседі, ал оның алдын алатын шаралар баяу жүргізіліп, кейде қағаз жүзінде қалып қойып та жатыр. Сол себепті алдын ала бәрін жан-жақты қарау керек. Теріс көзқарас қалыптасуда уағыз-насихаттың көптігі емес, оның мазмұны негізгі роль атқарады. Қайта сол телеарналар мен әлеуметтік желіде дәстүрлі дін принциптерін насихаттайтын туындылар аздау болып тұр. Оның ішінде, орыс тілінде насихат өте аз деп айта аламыз. Осы аталған себептер кесірінен қазақ тілін білмейтін жастарымыз шетелдің орыс тіліне аударылған туындыларын тыңдап, соларға еріп кетті. Сол үшін діни насихат ешқашан көптік етпейді. Керісінше, барынша көбейтуіміз қажет.

 

Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы.

Түркістан: Экстремизмнің бастауы – діни сауатсыздық

Экстремизм – шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару термині ретінде анықталады. Экстремизм әр уақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Экстремизм мағынасын тек қана бір ғана анықтамамен түсіндіру мүмкін емес. Зерттеуші ғалымдар да осы пікірмен келісіп, әр түрлі ой-пікірлерін жеткізеді. Ұлыбританиялық зерттеуші Ширин Акинердің пікірінше: «Өз идеяларын өз өмірлеріне ғана қолданып қоймай заңды түрде де, көлеңкелі тұстардың мүмкін болған барлық әдістерін қолдана отырып, қоғамға қолданғылары келетіндердің барлығын, экстремистерге жатқызуға болады. Кейбір жағдайда бұл терроризмге жетіп қоғамға үлкен қауіп туғызуы мүмкін» - деп пікірін жеткізеді. Сондықтан да, қандай да бір экстремистік идея адам баласын террорлық іс-әрекеттерге үндеуі ғажап емес. Экстремистік ойларды дер кезінде анықтап, талдап және дұрыс қорытынды шығара білу көптеген өркениеттер қақтығысының алдын ала алады. Қазіргі қоғамда дін маңызды рөл ойнап, зайырлы қоғамның негізі қалана бастады. Адамгершілікті, мінез-құлық, толерантты сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде дәстүрлі діндердің рөлі тарихи даму барысында орны ерекше. Бірақ, әлемде жағдай минут өткен сайын өзгеріп жатыр. Бірісі экономикасын дамыту барысында саясатын өзгертіп жатырса, бірі әлеуметтік салаға көңіл бөліп жатыр. Ал, кейбір елдер дінді саяси ойындарда пайдалануда. Дәл осылай экстремизм мен терроризмнің іргетасы қаланып жатыр. Экстремизмге қарсы тұратын руханият деп айтсақ артық болмас. Өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңдіре алып қана түбегейлі діни экстремизмнің де, терроризмнің де тамырына балта шаба аламыз.  Онымен бірлесіп күресудің қоғамдық тетіктері қандай?Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр. Қазіргі күнде шешімін тап­паған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұ­мыстары жүйелі деңгейде жол­ға қойылғаны туралы толық се­нім­мен айтуға бо­лады. Яғни, осы­ған қажетті инфрақұрылым мен құқықтық базаның негізі қа­ланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы мамыр айында Дін істері агенттігі құрылып, сол жылдың қазан айында «Діни қызмет жә­не діни бірлестіктер туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңы қабылданды. Дін мәселелерімен айналысатын арнайы уәкілетті орган құрылып, дін саласын рет­тейтін жаңа заң күшіне енгеннен бергі уақыт ішінде көптеген жұ­мыстар атқарылды. Содан бергі уақыт ішінде ді­ни экстремизм мен терроризм­ге қатысты мәселелердің ушы­ға түскенін ескере отырып, 2013 жылғы қаңтар айында «Қа­­зақстан Республикасының кей­­бір заңнамалық актілеріне тер­роризмге қарсы іс-қимыл мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заң қабылданды, ал 2013 жыл­ғы 24 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақ­стан Республикасында 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Бүгінде діни экстремизм мен терроризм әлемдік қоғамдастықты қатты алаңдатып отырған мәсе­леге айналды. Әрине, заманауи әлемнің қатеріне айналып отырған осынау зұлматтан біздің еліміз де сырт қала алмасы анық. Ол бүкіл қоғамның тізе қосып, күш біріктіруін қажет етеді. Дінге қатысты тура немесе жанама үдерістердің барлығы қоғамдық өмірдің маңызды бөлігін қамтитындықтан, дін төңірегіндегі туындайтын проблемаларды шешуге билік органдарымен қатар, азаматтық қоғам институттарының қатысуы ерекше маңызға ие. Өйт­кені, діни сипаттағы  пробле­малар қоғамның өмір сүруіне қа­тысы бар проблемалар ретінде қоғамдық және ұлттық қауіпсіздік мә­селелерімен  тікелей байланыста көрініс табады. Осы ретте, Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауларында мемлекеттік органдармен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамның ал­дына еліміздің салт-дәстүрі мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни түсінік қалыптастыру міндетіне басымдық беруі кездей­соқтық емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында да «Зайырлы қоғам және асқақ ру­ха­ният» қағидаты барлық қазақ­стандықтарды біріктіретін басты құн­дылықтардың бірі екендігін атап көрсетті. Әрине, стратегиялық және ұзақ мерзімге арналған осындай міндеттерді  бүкіл қоғам болып еліміздің тұрғындарының бойында дін мәселелері бойынша нақты бағдар қалыптастыруға мүм­кіндік беретін істерді жү­зеге асырғанда ғана қол жет­кізуге болады. Ал, мұндай міндет­тердің салмағы мен міндетін Қа­зақстанның болашағы зайырлы қағидаттарды басшылыққа алатын индустриялық-инновациялық дамуға тұғырланатынын еліміздің шығармашылық зиялы қауымы терең әрі  жақсы түсінетіні анық. Осы ретте, азаматтар мен қоғамды сырт­қы рухани агрессиядан қор­ғаудың және тұрғындардың бо­й­ында діни мазмұндағы ескі құн­дылықтарды көксейтін немесе теологиялық қателіктерге бой алдырған керағар діни идео­логия­ларға қарсы иммунитет қалып­тастырудың маңызы аса зор. Бүгінгі күнде рухани жаулап алу дінді бетперде ретінде пайдалана отырып теріс идеяларды жас­тар арасында белсенді таратудан  көрініс тауып отырғаны жасырын емес. Осы орайда, радикалдық сипаттағы діни ағымдардың идео­логиялары азаматтарды наным-сеніміне қарай жіктеуді, дін  жолында жүргендерді басқалардан  жоғары қоюды, мемлекеттің зайырлы қағидатын қабылдамауды алдыңғы қатарға қояды. Ал мұн­дай идеологияның әртүрлі дін­дерді ұстанатын көп этностан тұ­ратын Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Радикалдық сипаттағы осындай идеялар  халықты өзінің сан ғасырлық бай рухани мәдениеті мен салт-дәстүрінен бас тартқыза отырып, халықтың этникалық, мә­дени-рухани тұғырын жоғалту және азаматтардың тарихи санасын шайып тастау мақсатын ұстанады. Елімізде бүгінгі күнде ради­калдық діни ағымдардан келетін қауіп-қатерлерді халық арасында кеңінен түсіндіру шаралары қолға алынып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыптарға қатысты мазмұнды мақалалар жарияланып, телеарналар мен радиоларда дін мәселелерін қоз­ғайтын бағдарламалар мен хабарлар көптеп берілуде. Одан бө­лек, қоғамда ғы­лыми және шы­ғармашылық зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жас­тар ұйымдарының өкілдері, жұртшылық арасында беделге ие азаматтар теріс сипаттағы керағар діни ағымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі күнде Қазақстанның барлық өңірлерінде дін мәселе­леріне арналған  500-ден астам ақпараттық-насихат топтары жұ­мыс істеуде. Аталған ақпа­рат­тық-насихат  топтарының құ­ра­мында діни салада түсіндіру және профилактикалық жұ­мыс­тар жүргізетін мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар теологтар, дінтанушылар, діни бірлестіктердің өкілдері енген. Осы орайда, өткен жылы ақпа­раттық түсіндіру мақсатында өткізілген  іс-шаралардың 1,3 мил­лионнан астам адамды қам­тығанын айта кеткім келеді. Бұл мемлекеттік органдардың  аза­маттық қоғам институттарымен бірлесіп жүзеге асырып отыр­ған іс-шараларының бір тұсы ғана. Әрине, осындай маңызды істерге азаматтарды көп­теп тарта түсу еліміздің рухани қауіпсіздігін нығайта түсетіндігі сөзсіз. Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар тарапынан діни ахуал және оған қатысты үдерістерді зерттеудің өзекті тақырыптарын жасақтауда, сонымен қатар, діни мәселелердің әртүрлі аспек­тілеріне арналған ғылыми-тал­дау жұмыстарына елі­міздің ға­лымдарын кеңінен тартуға мүдделілік туындап отыр. Біз дін саласына қатысты мәселелерде бүгінгі күнде жұмыс атқарып отыр­ған қоғамдық институттар­мен әріптестік қатынастар ор­натуға да әзірміз. Агенттіктің сарапшылар қа­уым­дастығымен ынты­мақ­тастығы аса өзекті тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге ықпал етіп, ол өз кезе­гінде дін саласында орын алып отырған үрдістерді дер уақытында анық­тауға, діни экстремизм мен тер­роризмнің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қыз­метін жетілдіруге бағытталған са­палы ұсыныстар әзірлеуге мүм­кіндік береді. Қазіргі кезде сонымен қа­тар, қазақстандық қоғамның ұлт­тық мүддесіне сәйкес келетін мем­лекеттік-конфессиялық қа­ты­настардың қазақстандық мо­делін әрі қарай жетілдіруге ар­налған  ұсыныстарға қатысты қа­жеттілік өсе түсіп отыр. Бұл модель мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарын дамытуға, қоғамның жоғары деңгейдегі руханиятын және мемлекет пен оның азаматтарының тұғыры бе­рік мәдениетін қалыптастыруға негізделуі керек. Осы жерде шығармашылық зиялы қауымның діни экстремизмге қарсы тұрудағы рө­лін ерекше атап өткен жөн. Өйт­кені, олар халқымыздың сан ға­сырлық дәстүрлері мен мем­лекетіміздің тұғырын құ­райтын құндылықтарды мансұқ­тайтын радикалдық идеологиялардан төнетін қауіпті бас­қалардан гөрі өткір сезінеді әрі оның салдарын жақсы біледі. Мемлекеттің дін саласындағы уәкілетті органы болып табылатын Дін істері агенттігі тарапынан бүгінде осы бағытта бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынып отыр. Агенттік жанында былтырдан бері Діни ахуалды талдау жөніндегі консультативтік сараптау кеңесі жұмыс істей бастаған болса, қазіргі күнде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылуда. Біз­дің ойымызша, осындай құ­рылымдардың белсенді жұмыс атқаруы дін саласына қатысты маңызды мәселелер бойынша қоғамдық пікірді мақсатты түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қоғамның белсенді топтарының, ғылыми және шы­ғар­машылық зиялы қауымның қазақстандық бірегейлілікті сақ­тау мен нығайтудағы және хал­қымызды діни экстремизм мен сыртқы рухани шабуылдардан қорғаудағы бірлесіп жұмыс жүргізетін негізгі бағыттары осы болмақ.

 

Созақ аудандық ішкі саясат бөлімі.

 

 

«УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНА АЛҒЫС»

Шымкент қаласы Полиция департамент бастығының атына Еңбекші ауданы Көксай-2 көше комитетінің төрайымы Б.К.Боташевадан учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Жасулан Тлегенов және аға лейтенанттары Азиз Артықбаев пен Өмірзақ Кенжаевқа алғысын білдірген хат келіп түсті.

Қазіргі таңда ауданымызда қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүддесін қорғауды нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басқарма басшылығының және жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының үйлесімді жұмысының арқасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алды алынуда.

 «Учаскелік полиция инспекторлары Жасулан, Азиз және Өмірзақ өздерінің қызметтеріне өте адал, сондай-ақ кішіпейіл, білімді азаматтар. Көше тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Марапатқа лайық»- делінген Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Көксай-2 көше комитетінің төрайымының хатында.

Осы RSS каналға жазылу