Super User

Super User

Төлеби:полиция басқармасына басшы келді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Төлеби ауданы полиция бөлімінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Руслан Бақытжанұлы Ендібаев тағайындалды.

Ол еңбек жолын 1998 жылы Шымкент қалалық ішкі істер басқармасында учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастаған.

2000-2017 жылдар аралығында Шымкент қалалық ІІБ Еңбекші АІІБ-нің тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы қызметінде болған. Одан әрі қарай 2022 жылға дейін тергеу құрылымдарының әртүрлі басшылық қызметтерінде қызмет атқарған.

Руслан Бақытжанұлы 2022 жылдың тамызына дейін Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы қызметінде болған. Еңбек жолында ҚР ІІМ, Полиция департаменті тарапынан марапаттармен мадақталған.

«1 000 000 теңге ұттыңыз» деп 10-нан астам тұрғынды алдаған алаяқ 4 жылға сотталды

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне 10-нан астам жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, ұялы телефондарына белгісіз ер адам хабарласып, 1 000 000 теңге ұтыс ұттыңыз деп сенімдеріне кірген. Аталған ірі көлемдегі қаражатты алу үшін тұрғындардан 10 000-30 000 теңге көлемінде ақша алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен мақтааралдық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлер алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған жұмыссыз, жас жігіт екені анықталды. Оның жеке-басы анықталып, ұсталды. Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Анықталғандай, күдікті инстаграм әлеуметтік желісінен «Komek_Halikka» атты парақша ашып, сол арқылы тұрғындардың ватсабына шыққан.

Одан әрі сенім білдіргендермен тілдесіп, 11 тұрғыннан 250 000 теңгеге жуық ақша алып, бас пайдасына жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотының үкімімен күдіктінің кінәсін мойындауы, шығынды өтеуі мен бұрын сотты болмағаны ескеріле отырып, 26 жастағы жұмыссыз жас жігіт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сондықтан Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісіне хабарласыңыз.

13 жастағы қызды зорламақшы болған ер адамды ұстап, құтқарып қалған тұрғынға полицейлер алғыс айтты

Бүгін Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков департаменттің мәжіліс залында, Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында түнгі уақытта жасөспірім қызды зорламақшы болған тұрғынды ұстап, күдіктіні полицияға тапсырған ауыл әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлын құрметті қонақ етті. Сондай-ақ қылмыстың алдын алғаны үшін алғыс айтты.

Оқиғаны тарқатып айтар болсақ, жасөспірім қыз отбасымен бірге кешкі серуенге шыққан. Содан қайтар сәтте, жас қыз үйіне ертерек бармақшы болып, ата-анасынан бұрын кетіп қалады.

Осы сәтте жалғыз үйіне қайтып бара жатқан жасөспірім қыздың соңынан аяқасты белгісіз еркек шығып, шашынан тартып, шетке қарай алып шыққан. Онымен қоймай бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатады.

Арам ойлы адамның қолына түскенін сезген қыз бірден айқайға басады. Ал күдікті оның аузын жауып, қылқындырып, барынша өз дегеніне жетуге асығады. Осы кезде екі адамның арпалысып жатқан бейнесін сол аймақтан әйелімен бірге өтіп бара жатқан тұрғын байқап, бірден көмекке ұмтылады. Күдіктіге не істеп жатсың деп, жүгіріп келе жатқанын көрген ол қаша жөнеледі. Содан тұрғын жерде жатқан қыздан жағдайын сұрағанында, оған күш көрсетіп, ұрып-соққанынан хабардар болады да, бір сәтке ойланбастан, қашқан күдіктінің соңынан ілеседі. 100 метрдей қашып үлгерген сезікті қуып жетіп, оны полицияға тапсырады.

Қызды зорламақшы болған ер адамнан құтқарып, көмек қолын созған Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары Сүйіндік Сейітжаппарұлы сол сәтте өзінің өміріне қауіп төнерін білсе де, батылдық танытты.

Оның айтуынша: «Кешкісін жұбайым екеуміз кетіп бара жатып көше маңынан екі адамның ұрысып-төбелесіп жатқандай, біріне көмек қажеттей сезілді. Бірден оқиға болып жатқан жаққа жүгірдім, алайда күдікті мені көрді де қашуға әрекеттенді. Бірақ оның жас қызға тиіспекші болғанын білгеннен кейін, ештеңеге қарамай соңынан қудым. 100 метрдей қуып отырып, ақыры ұстадым.

Полиция шақырып, оны тапсырдық. Негізінде менің қызметімде үнемі осы полицейлермен, оның ішінде жергілікті полиция қызметімен байланыста боламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелет жасына толмағандардың ісі, олардың қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу күн тәртібімізден түскен емес. Сондықтан менің орнымда басқа біреу болса да осылай көмектесер еді дегім келеді. Бұл менің азаматтық борышым деп білдім. Ең бастысы қыздың жағдайы жақсы. Оған ештеңе болмады!» -деп атап өтті бейбіт күннің батыры.

Оқиға орнына полицейлер барып, мән-жайды анықтады. Бүгінде күдікті қамауда. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау» 24-бабы 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

Полицейлер жаяу жүргіншіден есірткі тапты

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Онда тұрғын үйінің жанында әлдебіреудің есірткі затына ұқсас затты қолданып отырғанын жеткізген. Полицейлер ақпарат алысымен тез арада іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді.

Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау мақсатында оқиға орнына Кентау ҚПБ-нің қызметкерлері шығып, шұғыл тексеру жұмыстарын жасады. Осы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікке ілінген азамат көшелердің бірінен ұсталды. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде, шалбарының сол қалтасынан пакетке оралған жасыл түсті есірткі затына ұқсас ұнтақ табылды.

Сараптамаға жолданды. Оның салмағы 15 грамм болатын «кептірілген марихуана» екені белгілі болды.

Күдікті өз жауабында аталған есірткі затын тауып алғанын жеткізді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы Кентау ҚПБ қызметкерлерімен анықталатын болады.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқықбұзушылыққа өзіне сәкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын қолданып жүруге кеңес береді.

Осы RSS каналға жазылу