Жұма, 21 Қыркүйек 2018 17:33

Түркістан облысы бойынша емханаға тіркеу науқаны қарқынды жүзеге асады

Кеше Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасында емханаға тіркеу науқанына қатысты жиын өтті. Онда жаңа науқанның ерекшелігі мен өзгерістері түсіндірілді. 

Елімізде жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын дәстүрлі жүргізілетін компания 15 қарашада аяқталады. Негізгі мақсат – азаматтардың емдеу мекемесін еркін таңдауына мүмкіндік беру. Сонымен қатар бұл шара жаңадан қосылған медицина ұйымдардың келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасауға байланысты өткізіледі.

- Түркістан облысы бойынша аудандық және Түркістан мен Кентау қалалары бойынша 19 емхана жаңа науқанға толық дайын, - дейді Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарушы Салтанат Жамалова. 

Өткен жылғы тіркеу науқаны барысында Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 25934 тұрғын ғана емханаға тіркелген. Биыл тұрғындардың тіркеу кампаниясына деген қызығушылығы артқан. Өйткені, емханаға тіркелушілер санына біршама өзгерістер енгізілмек.

Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс, дейді мамандар. Бұл дәрігерлердің науқасқа жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек, мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді. 

Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсететін.

- Бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болады деп үміттенеміз. Және бұл мәселеде медицина бизнесі өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырғы жылдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілер саны едәуір артты, - деді Найля Дабысқызы.

Қазіргі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша 165 медицина ұйымы бар. Оның 82-сі  - жеке меншік. Ал 2019 жылы олардың саны тағы 10 пайызға артады деген болжам бар.

«Азаматтар үш түрлі жолмен, яғни таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ОҚО бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден.

Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz  порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің Жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін ConnectionPoints бөлімінің қызметін пайдалануға болады.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін  67 ұйым қатысып жатыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1233 рет