Сенбі, 29 Маусым 2024 20:34

Түркістан: штаб отырысында өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысында конго-қырым қызбасына қарсы және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға денсаулық сақтау басқармасы, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы, Мемлекеттік кірістер департаменті, білім басқармасы, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы және онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.

– Жыл сайын тұрақты түрде конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді-мекендерде кенелерге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру шаралары жүргізіліп келеді. Дегенмен биыл өңірде дезинсекциялау кеш басталды. Кенеден келетін кесел аса қатерлі. Дәрілерді уақтылы қолдануды ескеріңіздер. Жұмыстың сапасын, тиімділігін анықтау бойынша аудан, қалаларда құрылған арнайы комиссия жұмыстарын жандандырсын, – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Дәулетұлы.

Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Бауыржан Сатыбалды осы бағытта атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндаса, облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбол Нышанов осы саладағы түйткілдерге тоқталды. Ал, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының міндетін уақытша атқарушы Бағлан Базарбекұлы МӘМС жүйесін іске асыру туралы статистиканы таныстырды. Б.Тәжібаев халық арасында МӘМС жүйесі жайында түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттеді.Мәжілісте бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, сауалдар қойылды. Өзекті мәселелер ортаға салынып, жауаптыларға тапсырмалар берілді.

Жоғарыда аталған Конго-Қырым гемморагиялық қызбасы туралы азды-көпті дерек бере кетсек.Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – тромбогеморрагиялық синдроммен сипатталатын  зоноозды табиғи ошақты жоғары контагиозды  аса қауіпті жұқпалы ауру. Аурудың жұғу жолдары: кененің шағуы, тістеуі арқылы, байланыс арқылы, яғни, науқасқа күтім жасағанда қаны арқылы, медициналық манипуляция кезінде, кенені езген кезде, малдарды қырыққанда, терісімен, жүнімен жұмыс жасағанда, сондай-ақ, аспирациялық-зертханаларды малдарды қырқу кезінде жұғады.

Аурудың белгілері: жасырын кезеңнің ұзақтығы  14 күнге дейін созылады,  науқас адамның қаны арқылы жұққанда 9 күнге дейін созылуы мүмкін. 

Сақтандыру шаралары: Кенені қолмен ұстауға болмайды, қолмен кенені езбеу керек, жабысқан кенені пинцетпен жаймен алу қажет; Кене шаққанды байқасаңыз міндетті түрде емханаға бару керек. Мал қорадан келген соң, киімдерді қағып, оны мұқият қарап шығу керек; Малға қарағанда арнайы сақтану киімдерді (қолғап, халат, шалбар) киген дұрыс; Кене шаққан жерін йод ерітіндісімен сүрту керек; Қой қырқымы кезінде қолға қолғап, үстіңізге арнайы киім киген жөн.

Есте сақтағаныңыз жөн!!! Қазіргі маусымдылық кезінде үйіңізде бір адамнан ешқандай жарақатсыз, себепсіз дене қызуы 2-3 күннен аса көтерілсе, мұрнынан, аузынан қан кетіп жатса (көбіне малға күтім жасайтын адамдарда), тез арада дәрігерге көрініңіз.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 242 рет