«Grand Park Shymkent» сауда орталығында қалалық Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге 100-ге жуық жеке кәсіпкер қатысты. Міндетті жарна төлеміне қатысты түсіндірме барысында айтылғандай, жарналарды ай сайын да, алдағы кезең үшін де алдын-ала төлеуге болады. Кешіктіріп төлеген жағдайда берешек пайда болады және жеке кәсіпкер МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесін жоғалтады. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер органдары төлемді кешіктіргені үшін өсімпұл есептейді. Төлем кезінде ЖСН, ТАӘ, төлем сомасын қатесіз көрсету маңызды. Өйткені, жарналар кері қайтарылуы мүмкін.
Жеке кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылған сұрақтардың бірі егер мүгедектігі бар болса, ЖК МӘМС-ке жарна төлеуі қажет пе? Қор филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден түсіндіргеніндей, ол азамат жеңілдетілген санат қатарында болғандықтан төлемнен босатылады. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балалар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағы, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көп балалы аналар; мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, магистратурада күндізгі білім алушылар санатындағы азаматтардың жарнасы да мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Жалпы, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар өзге де әлеуметтік аударымдармен қатар МӘМС-ке белгіленген жарналарды төлейді. Жарна мөлшері ЕТЖ-нің 1,4-еселенген мөлшерінің 5%-ын құрайды, яғни 5% * (85 000 * 1,4) = 5 950 теңге (2024 жылы).