Жұма, 13 Қыркүйек 2024 18:31

Шымкентте тұмауға қарсы вакцинация басталды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу: вакцинация және дәрігерлердің ұсыныстары» тақырыбындағы баспасөз конференциясында айтылды.

 

Күзгі-қысқы маусымның келуімен бірге ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекциялар) және тұмаудың таралуы айтарлықтай арта түседі. Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты. Инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады. Осы ретте мамандар вакцинацияның пайдасы зор екенін айтады.

Шымкент қаласына Ресейдің «Петровакс Фарм» компаниясы шығарған «Гриппол Плюс» үшвалентті тұмауға қарсы вакцинасының 150 мың дозасы жеткізілді. Вакцина қазіргі уақытта Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында сақталып, медициналық мекемелерге таратылуда. Жаппай иммундау науқаны аясында 2024 жылы қала халқының шамамен 12-12,5%-ы қамтылатын болады.

Екпе 2024 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Шымкент қаласының емханаларында тегін егіледі. Тегін вакцинация келесі тәуекел топтарына арналған:

• медицина қызметкерлері;

• алты айдан асқан жиі ауыратын балалар;

• білім беру ұйымдарындағы және балалар үйлеріндегі балалар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

• жүрек-қантамыр және тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар;

• жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер.

2024 жылы Шымкент қаласының тұрғындарын жаппай иммундау шараларының басты мақсаты – халықтың әлсіз топтарын қорғап, тұмаудың кең таралуын болдырмау. Жергілікті билік тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинациялау науқанына белсенді қатысуға шақырады.

Оқылды 129 рет