Бейсенбі, 11 Маусым 2026 11:31

Шымкентте миллионнан астам адам МӘМС шеңберінде медициналық қызмет ала алады

Шымкент қаласында медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соңғы бір жылда медицина саласын қаржыландыру көлемі 18,2 пайызға өскен және МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық мекемелердің саны едәуір артқан.

Қала халқына медициналық сақтандыру шеңберінде бүгінгі таңда 170 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік клиникалар. Яғни, медициналық қызмет көрсетуде жекеменшік сектордың үлесі өсіп, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуде бәсекелестік артқан.

Сәуле Дүйсенбаеваның айтуынша, емханаларға тіркелген халық саны 1 миллион 200 мыңнан астам адамды құрап отыр. Емдеу мекемелерінде былтырғы жылы МӘМС есебінен 1000 -нан астам жоғары технологиялы медициналық көмек және 7 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген.

Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау күшейтіліп, медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін Қор жүйесімен интеграциялау жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсетуші мекемелермен есеп айырысудың ашықтығын арттырып, пациенттерге нақты қызмет көрсетілмей, мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермейді.

Сондай-ақ алдағы уақытта пациенттердің медициналық қызметті алғанын цифрлық растау, алғашқы медициналық көмекті күшейту жоспарланған. Бұл бағытта медициналық көмектің сапасын арттыру және тұрғындардың құқықтарын қорғауды күшейту негізгі басымдық ретінде белгіленген.

Жалпы бүгінгі таңда Шымкентте  1 290 180 адам МӘМС жүйсінде сақтандырылған. Бұл қала халқының 86 пайызға жуығы. 800-ге жуық адам жеңілдік санатына кіреді. 

Оқылды 55 рет