Көпшілік Қазақстан азаматтарын шетелде емдеуге жіберу және шетелдік дәрігерлерді Қазақстанның медициналық ұйымдарында ем жүргізу үшін тарту жөнінде арнайы бағдарлама бар екенін біле бермейді. Мұндай емдеу Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жұмысшы орган ретінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры айқындалған. Қор пациенттердің құжаттар пакетін қалыптастырып, оларды шетелдік клиникаларға жолдайды, емдеу бағдарламалары бойынша ұсыныстар алады, содан кейін шешім қабылдау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссияның қарауына ұсынады. Пациенттерді осындай емге жіберу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №45 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.
Бұл емге кімдер үміткер бола алады?
18 жасқа дейінгі балалар Қазақстанда көрсетілмейтін жоғары технологиялық медициналық көмекке көрсеткіштері болған жағдайда шетелге емделуге жіберілуі мүмкін.
Ал ересек азаматтар белгілі бір аурулар бойынша ғана шетелдік клиникаларға жіберіледі. Олардың тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген.
Пациенттердің үшінші санаты – қызметтік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақаттар мен зақымдар алған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері. Ерекше жағдайларда, яғни Қазақстанда бұндай жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілмейтін кезде Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша шетелде емделуге жіберіледі.
2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, бюджет қаражаты есебінен бағдарлама шеңберінде 77 пациент ем алды. Оның 70-і шетелдік клиникаларда, ал 7-еуі шетелдік мамандардың қатысуымен Қазақстандағы медициналық ұйымдарда өткен шеберлік сағаты аясында ем алды.
Жалпы осы кезеңде ең көп емделгендер туа біткен ақаулары бар (32 адам) және онкологиялық аурулары бар (26 адам) азаматтар болды.
Қолданылған емдеу технологияларына тоқталсақ, 24 жағдайда туа біткен тамыр ақауларына операция жасалған, 9 жағдайда онкологиялық ауруларды емдеу үшін протондық терапия қолданылған, 7 жағдайда радиоактивті йодпен ем жүргізілген. Сонымен қатар 6 жағдайда бауыр трансплантациясы мен кардиохирургиялық операциялар жасалды, сондай-ақ басқа да жоғары технологиялық емдеу әдістері қолданылды.
2025 жылы пациенттерді емдеу үшін ең жиі таңдалған елдер – Германия (24 жағдай), Түркия (17 жағдай) және Үндістан (13 жағдай). Сондай-ақ пациенттер Ресей Федерациясына, Беларуське және Испанияға жіберілді.
Шетелде емделуге үміткер пациенттердің құжаттарын өңірлік денсаулық сақтау басқармалары дайындап, республикалық деңгейде қарауға ұсынады. Сондықтан бағдарлама талаптарына сай келетін пациенттер ең алдымен өз өңіріндегі денсаулық сақтау басқармасына жүгінуі қажет. Айта кету керек, егер азаматтар шетелге өз бастамасымен (республикалық комиссияның шешімінсіз) барып емделсе, мемлекет олардың шығындарын өтей алмайды.