ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева брифингте атап өткеніндей, консультациялық-диагностикалық қызмет түрлерін қалада 123 медициналық ұйым ұсынады. Бұл өз кезегінде ауруды ерте анықтауға және алдын-алуға барынша ықпал етуде.
-Ауруды анықтау мақсатында сондай-ақ сандық рентгенография, колоноскопия және бейне-электроэнцефалография,ультра-дыбыстық зерттеулері қарқынды жүргізіледі. Айта кету қажет, науқасқа диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің болуы тиіс,-деді Қор филиалының директоры Сәуле Дүйенбаева.
МӘМС пакетінде ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – медициналық оңалту.Шымкент қаласында бұл бағытта 30-ға жуық медициналық ұйым жұмыс істейді. Биылғы жылдың бес айында оңалту орталықтарында пациенттерге 7 мыңға жуық оңалту қызметі көрсетілген.
Оңалту қызметтері инсульттан кейінгі жағдайларда, ауыр жарақаттарда, кардиохирургиялық операциялардан соң, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттер үшін ерекше маңызға ие. Балаларға арналған оңалту қызметтері де кеңейіп келеді. Оның ішінде церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының туа біткен патологиялары және басқа да сырқаттармен ауыратын балаларға қажетті көмек көрсетіледі.