Жұма, 19 Маусым 2026 17:15

Медицина саласындағы жарты ғасырға жуық еңбектің жемісі

Қырық бір жыл. Бұл – тұтас бір ғұмыр. Бір адамның кәсіби жолы ғана емес, мыңдаған тағдырмен тоғысқан, ел денсаулығына қызмет еткен жылдар.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қалалық филиалының бас сарапшысы Ибакул Затаеваның көпжылдық еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Денсаулық сақтау саласындағы ұзақ жылдық тәжірибесі барысында ол санитарлық-эпидемиологиялық қызметтен бастап жедел жәрдем, медициналық статистика және мемлекеттік денсаулық сақтау құрылымдарында жауапты қызметтер атқарып, медициналық қызмет сапасын бағалау мен бақылау бағытында және МӘМС жүйесін дамыту бағытында ерен еңбек етті.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Сәбденбектің қатысуымен өткен мерекелік жиында ұзақ жылғы еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін филиалдың тағы да бірқатар мамандары марапатқа ие болды.

Атап айтқанда, Қор Басқармасы төрағасының «Алғыс хатымен» Гүлбану Сауранбаева, Еламан Тұрар және Айгүл Ахмедова марапатталды. Әр марапаттың артында кәсібіне деген адалдық, жоғары жауапкершілік және халыққа қызмет етуге деген ұмтылыс жатыр. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.

Осы орайда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева бастаған ұжым денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген барлық ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, толағай табыс және ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тілейді.

Оқылды 144 рет