Жұма, 12 Маусым 2026 12:13

Шымкент: 251-ші бүйрек трансплантациясы сәтті өтті

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада туыстық донордан бүйрек трансплантациясы бойынша кезекі операция сәтті орындалды.

41 жастағы азамат өзінің 45 жастағы туған ағасына бүйрегін донор ретінде берді. Науқас 2011 жылдан бері созылмалы бүйрек ауруымен ауырып, 2025 жылдың қазан айынан бастап бағдарламалық гемодиализ қабылдап келген.

Бүйрек трансплантациясы — созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға тірі немесе қайтыс болған (мәйіт) донордың сау бүйрегін ауыстырып салатын хирургиялық операция. Бұл диализ процедурасына қарағанда науқастың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын айтарлықтай жақсартатын тиімді ем.

Тірі донор: Әдетте жақын туыстар арасында (үйлесімділік тексеріліп) жасалады. Тірі донор бір бүйрегімен толыққанды өмір сүре алады.

 Донор мен реципиент қолданыстағы хаттамаға сәйкес толық медициналық тексеруден өтіп, барлық қажетті құжат пен келісімдер заңнама талаптарына сай рәсімделді.

Ота сәтті өтіп, техникалық қиындықтар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең қалыпты өтуде, гемодинамикалық көрсеткіштері бірқалыпты. Емдеу шаралары бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес жалғасуда.

Мұндай отаның бағасы — 6 млн теңгеден асады. Дегенмен науқастың қалтасына салмақ түскен жоқ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін жасалған.

Айта кетейік, №1 қалалық клиникалық ауруханасы 2013 жылдан бері ағза алмастыру оталарын қарқынды жасап келеді.  Бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында 251 бүйрек, 33 бауыр және 3 жүрек трансплантациясы жасалған. Бұл мегаполисте жоғары технологиялық медициналық көмектің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Оқылды 78 рет