Жұма, 19 Маусым 2026 12:31

Шымкент: Денсаулық саласының үздіктері марапатталды

Маусым айының үшінші жексенбісі –  медицина қызметкерлері күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.

Даталы күнге орай Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен  салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиында денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, жоғары кәсібилігі мен адал еңбегі үшін 64 медицина қызметкері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградаларымен және Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиында Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, саладағы оң өзгерістер мен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесінде 16 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Соңғы үш жылда саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Нәтижесінде емдеу мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан 88,5 пайызға дейін өсті.

Бүгін елімізде ауқымды реформалар жүріп жатыр, денсаулық сақтау жүйесін жаңартуға маңызды рөл бөлінеді. Отандық медицина алдында үлкен және жауапты міндеттер тұр.

Денсаулық сақтау саласында бүгінде көптеген бірегей мамандар, еңбекқор әрі жауапты кәсіпқойлар жұмыс жасап жатыр, жаңа технологиялар және диагностика мен емдеудің инновациялық әдістері игеріліп жатыр.

Біздің дәрігерлер мен медбикелерге, техникалық қызметкерлерге, денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне ризашылығымыз шексіз. Адал қызметіңіз, мейірімділік пен азаматтарымыздың денсаулығына қамқорлығыңыз үшін  ең жылы, шынайы алғысымызға лайық жандарсыз.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген үздік мамандарды жоғары марапаттарымен құттықтаймыз! Оларға мықты денсаулық, отбасы амандығын, кәсіби қызметтерінде толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз.

 

Оқылды 171 рет