Жәрмеңкеде арнайы ұйымдастырылған «Денсаулық бұрышы» акциясында «Омарали» медициналық орталығының мамандары тұрғындардың қан қысымы мен ағзадағы қант мөлшерін өлшеп, көздің көру қабілетін тексерді. Сонымен қатар жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен бейінді мамандар азаматтарды қабылдап, денсаулық жағдайларына байланысты кеңес берді.
Дәрігерлер созылмалы аурулардың алдын алу, ауруды ерте анықтаудың маңызы және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, қажетті медициналық кеңестер алды.
Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері мұндай акциялар халыққа профилактикалық медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, тұрғындардың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласында 1,1 миллионға жуық адам, яғни қалах алқының шамамен 85 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлейді. Ал 212 230 тұрғын сақтандырылмаған. Оның 13 596-сы әлеуметтік осал топқа жататын D және E санатындағы азаматтар.
Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 174 медициналық ұйым тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік мекемелер.