Дүйсенбі, 29 Маусым 2026 09:30

Тырысқақ аса қауіпті ауру

Тырысқақ – бұл «vibrio cholerae» деп аталатын бактерия тудыратын жедел ішек инфекциясы, аса қауіпті инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы ауру.

Тырысқақ вибрионы — ауру қоздырғышы суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады. 

Аурудың негізгі көзі — ауру адам немесе вибриотасымалдаушы (қоздырғышты сыртқы ортаға нәжіспен, кейде құсықпен де бөліп жүреді, бірақ өзі ауырмайды). Адам ағзасына ауру қоздырғышы  ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге науқаспен қарым-қатынаста болса, залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, тағам өнімдері, қоздырғышпен зақымдалған ыдыс, кір қол арқылы жұғады.

Тырысқақ ауруының негізгі клиникалық көріністері: Науқас көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы әлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы әлсіз және беткей дем алады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді.  Кейде аурудың бірінші күндерінде науқас өліп кетуі мүмкін.

Тырысқақ ауруының алдын алу:

Тырысқақтың алдын алу мақсатында әрбір адам жеке бас гигиенасын қатаң сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністерді тағамға қолданар алдында міндетті түрде жуу, қайнаған сумен шаю, суды және сүтті тек қайнатып ішу, тағам өнімдерін шыбындардан сақтау, тамақ ішер алдында және дәрет алғаннан кейін қолды сабынмен жуу керек. Тағам және сусындарды арнайы дүкендерден, таза, барлық санитарлық талаптар сақталған сауда орындарынан сатып алған абзал. Су көздерін әр түрлі ластанулардан сақтау керек. Барлық қоқыстарды салатын шелектердің, ыдыстардың беті тығыз жабылған дұрыс және де  қоқыстарды жинайтын орындарды жүйелі түрде залалсыздандырып отыру қажет.

Осындай қиын емес ережелерді сақтасаңыздар, бұл қатерлі аурудың алдын алуға болады. 

 

Шымкент қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

Оқылды 116 рет