Дүйсенбі, 15 Маусым 2026 09:42

Сібір жарасынан сақ болыңыздар!

Шымкенттік мамандар Сібір жарасы –  жұқпалы ауру, оның қоздырғышы – спора түзуші  бактерия екенін айтуда. Бұл инфекция жануарлардан адамға жұғатын ауру, әдетте, шөпқоректі  (сиыр, қой,ешкі сияқты) жануарларды зақымдайды. Бактерия топырақта ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін, споралар түзеді. Бактериялар өте күшті токсиндерді бөліп шығарады, көп жағдайда өлімге әкеледі. Адамдар ауру малдардан жұқтыруы немесе малдан алынатын бұзылған өнімдер арқылы жұқтыруы мүмкін.

Сібір жарасының тері түрі – ең көп таралған түрі. Бактерия, әдетте адам ағзасына зақымдалған тері арқылы, мысалы, сібір жарасы споралармен тікелей жанасқан кезде болатын жара не кесілген жері арқылы енеді. Нәтижесінде теріде тері деңгейінен сәл жоғары көтеріліп тұрған дақ пайда болады да, қышиды, ол тез қара жараға айналады. 

Егер денеге қандай да бір некрозды жара пайда болғанда дереу дәрігерге қаралыңыз. Алдын ала медициналық консультация алмай, өзін – өзі емдеу немесе өзін- өзі қорғау үшін антибиотиктерді немесе басқа да кез- келген препараттарды қолдануға тырыспаңыз.

Адамдар мен жанауарларға қолданылатын сібір жарасына қарсы вакциналар бар. Жануарларға арналған вакциналар мал шаруашылығында сібір жарасын бақылау үшін қолданылады. Адамдарға арналған вакциналар шектеулі мөлшерде болады, негізінен, сібір жарасы ауруын жұқтыру қаупі бар, қызметі сонымен тікелей байланысты адамдарды қорғау үшін қолданылады.

Сібір жарасының алдын алу мемлекет бақылайтын қоғамдық іс-шаралардан құралады:

- Ветеринариялық қызмет сібір жарасын жұқтыру мүмкін қолайсыз тұрғын үй аудандарын анықтауды, есепке алуды, бақылауды, сондай-ақ жануарларды жоспарлы тексеруді, жайылымдардың, мал шаруашылығы обьектілерінің жай-күйін бақылауды жүзеге асырады;

- Медициналық-санитариялық іс-шаралар сібір жарасын жұқтыруы мүмкін қолайсыз елді мекендердегі жалпы санитариялық жағдайды бақылау, сондай-ақ жануарлардан алынатын шикізатты дайындау, сақтау, тасымалдау және өңдеу кезінде бақылау жұмыстарын қамтиды;

- Сібір жарасымен ауыратын науқастарды анықтау, оларды ауруханаға жатқызу;

- Инфекция ошақтарында ауру жағдайларын анықтау және бақылау бойынша емдеу-профилактикалық іс-шаралар жүргізуді медициналық қызмет жүзеге асырады;

- Өлген малдарды өз бетінше көмуге қатаң тиым салынады;

- Жануарлардан алынатын өнімдерді ветеринарлық ілеспе құжаттарсыз, рұқсат етілмеген сауда орындарынан сатып алуға қатаң тиым салынады. 

Оқылды 67 рет