Бейсенбі, 16 Шілде 2026 08:17

Созылмалы панкреатит диагнозы қалай анықталады?

Созылмалы панкреатит – ұйқыбездің ұзақ уақытқа созылатын қабыну ауруы. Аурудың салдарынан без тіндері біртіндеп зақымданып, ас қорыту ферменттері мен инсулиннің бөлінуі бұзылады. Сондықтан бұл дертті ерте анықтау асқынулардың алдын алуда өте маңызды.

Диагноз қою ең алдымен науқастың шағымдарын бағалаудан басталады. Көп жағдайда науқастар іштің жоғарғы бөлігіндегі немесе сол жақ қабырға астындағы ауырсынуға, тамақтан кейінгі жайсыздыққа, іштің кебуіне, майлы нәжіске және салмақ жоғалтуға шағымданады.

Келесі кезеңде зертханалық талдаулар жүргізіледі. Қанның биохимиялық көрсеткіштері, ұйқыбез ферменттері, қандағы глюкоза деңгейі және нәжістегі панкреатикалық эластаза анықталады. Бұл зерттеулер ұйқыбез қызметінің қаншалықты бұзылғанын бағалауға мүмкіндік береді.

Диагнозды нақтылау үшін аспаптық зерттеу әдістері қолданылады. Ең жиі орындалатыны – құрсақ қуысының ультрадыбыстық зерттеуі. Қажет болған жағдайда компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ) немесе магниттік-резонанстық холангиопанкреатография (МРХПГ) тағайындалады. Кейбір жағдайларда эндоскопиялық ультрадыбыстық зерттеу де жоғары ақпараттылық көрсетеді.

Созылмалы панкреатиттің белгілері басқа асқазан-ішек ауруларына ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан өздігінен диагноз қойып, ем қабылдауға болмайды. Уақытылы гастроэнтерологқа қаралып, толық тексеруден өту дұрыс диагноз қоюға және тиімді емдеуді бастауға мүмкіндік береді.

Егер іштің ауырсынуы жиі қайталанса немесе ас қорыту бұзылыстары ұзақ уақыт сақталса, дәрігердің кеңесіне жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Ерте анықталған созылмалы панкреатиттің ағымын бақылап, өмір сапасын жақсартуға болады.

 

 

Динара Айтжанова,

Шымкент қаласы №1 клиникалық ауруханасының гастроэнтеролог дәрігері

Оқылды 134 рет