Ата-аналар аурудың алғашқы белгілерін дер кезінде ажырата білуі маңызды. Дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі – дәрігерге қаралуға себеп болатын негізгі белгілер. Егер балада қызыл бөртпе, тыныс алудың қиындауы немесе жоғары қызу ұзақ сақталса, медициналық көмекке шұғыл жүгіну қажет.
Қызуы көтерілгенде ата-аналар жиі жіберетін қателіктердің бірі – антибиотикті өз бетінше бастау. Антибиотиктер тек бактериялық инфекцияларда және дәрігердің тағайындауымен ғана қолданылады. Вирустық инфекциялар кезінде олар әсер етпейді әрі болашақта антибиотикке төзімділіктің дамуына әкелуі мүмкін.
Балабақшаға жаңадан барған балалардың жиі ауыруы қалыпты құбылыс. Себебі олар көптеген жаңа вирустармен байланысқа түседі. Бұл иммундық жүйенің табиғи түрде жетілуіне ықпал етеді. Иммунитетті қолдау үшін теңгерімді тамақтану, жеткілікті ұйқы, таза ауада серуендеу, тұрақты дене белсенділігі және жеке бас гигиенасын сақтау маңызды.
Көктем мезгілінде дәрумендер тапшылығы байқалуы мүмкін. Сондықтан баланың рационында көкөніс, жеміс-жидек, ақуызға бай тағамдар жеткілікті болуы қажет. Дәрумендік кешендерді тек дәрігердің кеңесімен қабылдаған дұрыс.
Балаларды жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Вакциналар иммунитет қалыптастырып, аурудың ауыр өтуі мен асқынуларының алдын алады. Егуден кейін дене қызуының аздап көтерілуі немесе ине салған жерде ауырсыну сияқты жеңіл реакциялар қалыпты құбылыс және көбіне бірнеше күн ішінде өздігінен басылады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында балалар педиатрдың қабылдауына, профилактикалық тексерулерге, зертханалық талдауларға, вакцинацияға және қажетті мамандардың консультациясына қол жеткізе алады.
Баланың иммунитетін күшейтудің ең тиімді жолы – дұрыс өмір салты, уақытылы вакцинация және дәрігердің ұсынымдарын сақтау. Аурудың алдын алу – оны емдеуден әрдайым тиімді.
Темірова Нұрсұлу Сманханқызы
«Sunkar Premium» клиникасының педиатр, инфекционист дәрігері