Көпшілік біле бермейтін маңызды деректің бірі – бір донор жеті адамға дейін өмір сыйлай алады. Себебі бір адамның донорлық ағзалары бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе сияқты өмірлік маңызды ағзалармен қатар, тіндерді де донорлыққа пайдалануға болады. Сондықтан донорлық – тек бір адамға емес, бірнеше отбасыға үміт сыйлайтын үлкен адамгершілік қадам.
Қазақстанда ағза алмастыру отасы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізіледі. Бұл дегеніміз, трансплантацияға көрсетілімі бар пациенттер операция үшін қосымша қаржы төлемейді. Мемлекет жоғары технологиялық медициналық көмекті қаржыландырып, азаматтардың күрделі операцияларды қолжетімді алуына жағдай жасап отыр. Бұл – денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды әлеуметтік қолдаудың бірі.
Соған қарамастан, елімізде донор тапшылығы әлі күнге дейін өзекті мәселе болып отыр. Трансплантацияны қажет ететін науқастардың саны жыл сайын артып келеді, алайда донорлық ағзалардың жеткіліксіздігі көптеген пациенттердің ұзақ уақыт күтуіне себеп болады. Кейбір жағдайларда уақыттың әр күні адам өмірі үшін шешуші мәнге ие.
Донорлық мәдениетті қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Көптеген мемлекеттерде халық арасында донорлықтың маңызын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, нәтижесінде мыңдаған адамның өмірі сақталып келеді. Донор болу туралы шешім – өзгеге өмір сыйлаудың ең жоғары көріністерінің бірі. Бұл шешім бірнеше адамның тағдырын өзгертіп, олардың жақындарына үміт пен қуаныш сыйлай алады.
Трансплантация – жоғары дәлдікті, үлкен тәжірибені және заманауи технологияларды талап ететін медицинаның күрделі бағыты. Мұндай операциялар көпсалалы мамандардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асады. Операциядан кейін де пациент ұзақ мерзімді бақылауда болып, қажетті ем мен оңалтудан өтеді. Сондықтан трансплантация – тек операция ғана емес, кешенді медициналық көмектің маңызды бөлігі.
Қоғамда донорлық туралы дұрыс ақпараттың таралуы – өмірді сақтап қалудың маңызды тетіктерінің бірі. Әрбір азамат донорлықтың мәнін түсініп, оның қаншалықты маңызды екенін білсе, болашақта ағза күтіп отырған көптеген науқастың өмірін құтқаруға мүмкіндік артады.
Дәрігер ретінде айтарым – медицина күн сайын дамып келеді, бірақ ешбір технология адамның жүрегі мен жанашырлығын алмастыра алмайды. Донорлыққа деген оң көзқарас қалыптастыру – бұл адам өміріне деген құрметтің белгісі. Өйткені кейде бір ғана шешім бірнеше адамның өмірін сақтап, олардың ертеңге деген сенімін қайтарады.
Бір донор – жеті адамның өміріне үміт сыйлай алады. Сондықтан донорлық мәдениетін қолдау – дені сау, мейірімді әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды қадамы.
Үмбетжанов Рахымжан Жолдыбекұлы
Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының трансплантолог дәрігері