Жұма, 24 Шілде 2026 12:43

Әлеуметтік маңызы бар ауруларда қандай көмек алуға болады?

Денсаулық – әр адамның ең қымбат байлығы. Кейбір аурулар ұзақ мерзімді емдеуді, тұрақты бақылауды және үздіксіз медициналық көмекті қажет етеді. Осындай диагноз қойылған азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, тегін медициналық көмек алуға мүмкіндік беріледі.

Егер сізге әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі анықталып, диспансерлік есепке алынған болсаңыз, сіз мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тұрақты дәрігерлік бақылауда боласыз.

Дәрігердің тағайындауына сәйкес сізге:

қажетті дәрілік препараттар тегін беріледі;

зертханалық талдаулар тегін жүргізіледі;

аурудың ағымын бақылауға арналған диагностикалық тексерулер ұйымдастырылады;

қажеттілігіне қарай бейінді мамандардың кеңесі ұсынылады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңартылған тізімі күшіне енді. Оған мыналар кіреді:

туберкулез;

адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ);

созылмалы вирусты гепатиттер және бауыр циррозы;

қатерлі ісіктер;

психикалық және мінез-құлық ауытқушылықтары;

жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);

жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;

орталық жүйке жүйесінің аурулары;

сирек кездесетін (орфандық) аурулар;

эпилепсия;

цереброваскулярлық аурулар (бір жыл көлемінде).

Осы аурулардың бірі бар пациенттер мемлекет есебінен тегін медициналық қызметтерді алады. Бұл емдеудің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, аурудың асқынуының алдын алуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және денсаулықты ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді.

Егер сізге жоғарыда аталған диагноздардың бірі қойылған болса, уақытылы емханаға жүгініп, диспансерлік есепке тұру маңызды. Дәрігердің ұсынымдарын орындау, тағайындалған емді үзбей қабылдау және жоспарлы тексерулерден өтіп тұру – ауруды бақылауда ұстаудың және асқынулардың алдын алудың ең тиімді жолы.

Құрметті тұрғындар! Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, дәрігердің кеңестерін сақтаңыз. Сұрақтарыңыз болса немесе диагноз қойылғаннан кейін қандай көмек алуға болатынын білгіңіз келсе, өзіңіздің емханаңыздағы учаскелік дәрігерге немесе жалпы тәжірибелік дәрігерге хабарласыңыз.

 

Қаламқас Қаламбаева

Қалалық №10 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері

Оқылды 228 рет