Қала әкімі өз сөзінде денсаулық сақтау саласының қоғамдағы маңызына тоқталып, ақ халатты абзал жандардың еңбегіне жоғары баға берді. «Денсаулық сақтау саласы – адам өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған ең жауапты әрі ең ізгі мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын халықтың саулығы үшін аянбай еңбек етіп, кәсіби біліктіліктеріңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіздің арқасында талай жанға үміт пен өмір сыйлап келесіздер. Дәрігер мамандығы қашанда үлкен құрмет пен сенімге лайық» – деді Жандос Қалмырзаұлы.
Салтанатты шара барысында медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер қала әкімінің Алғыс хатымен және «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының және қалалық мәслихат төрағасының Алғыс хаттары табысталды. Іс-шара аясында қалалық ардагерлер үйі ардагер дәрігерлерге құрмет көрсетіп, олардың көп жылғы еңбегіне ризашылық білдірді. Мерекелік кеш мәдениет сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, ақ халатты абзал жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Дәрігер мамандығы — ең маңызды және сауапты мамандықтардың бірі, соның арқасында күн сайын көптеген адамдардың өмірі сақталады. Емдеу өнері ерте заманда белгілі болып, адамзатпен бірге дамыды. Бүгінгі таңда дәрігерлер жоғары дәлдіктегі құрылғылардың, дәрі-дәрмектердің және білімнің көмегімен пациенттерге әртүрлі ауруларды емдеуде барынша тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік алды. Кентаулық дәрігерлерлер де әр ауырған науқасқа қол ұшын созып, жедел және жоспарлы түрде әр сәт сайын барынша медициналық көмек көрсетіп келеді.
Аурухана мен емхана саласындағы медицина қызметкерлері атқарған тынымсыз еңбек нәтижесінде жетістіктерге қол жеткізіліп, заманауи біліктілік шыңын меңгеріп, тұрғындар денсаулығын жақсартуда қажырлы еңбек атқарылуда. Игілікті істің жемісін көру осындай өз ісінің нағыз майталмандарының арқасында жүзеге асырылады. Сондықтан барша медицина қызметкерлерінкәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат