Сәрсенбі, 22 Шілде 2026 12:10

Күл ауруының алдын алу – денсаулықты қорғаудың сенімді жолы

Күл (дифтерия) – Corynebacterium diphtheriae бактериясынан туындайтын, адамнан адамға көбінесе ауа-тамшылы жолмен берілетін қауіпті жұқпалы ауру. Бұл дерт негізінен ауыз қуысы мен мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабығын зақымдап, ағзаның жалпы улануына әкеледі. Аурудың ауыр түрлері жүрекке, жүйке жүйесіне және басқа да өмірлік маңызды мүшелерге асқыну беріп, дер кезінде емделмесе өмірге қауіп төндіруі мүмкін.

Күл ауруының жасырын (инкубациялық) кезеңі бірнеше сағаттан 7–10 күнге дейін созылады, көбіне 2–5 күн аралығын құрайды. Инфекция көзі – күлмен ауырған науқас немесе ешқандай белгісі болмаса да бактерияны тасымалдаушы адам. Күл ауруымен тек адамдар ауырады.

Аурудың негізгі жұғу жолдары:ауа-тамшылы жолмен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде);

тұрмыстық-қатынас арқылы (науқас пайдаланған ыдыс-аяқ, ойыншық, сүлгі және басқа заттар арқылы).

Дифтерияның алғашқы белгілері қарапайым тамақ ауруына ұқсас болғанымен, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Науқастың дене қызуы 38–39°С-қа дейін көтеріледі, тамағы қызарып, жұтынғанда қатты ауырады. Таңдай бадамшалары ісініп, олардың бетінде сұрғылт немесе былғанышты-ақ түсті тығыз қабық пайда болады. Мойындағы лимфа түйіндері ұлғайып, тері бозарады. Күл ауруына тән ерекше белгілердің бірі – науқастың аузынан тәттілеу иістің шығуы.

Күлдің қауіптілігі – оның токсині қан арқылы бүкіл ағзаға таралып, жүрек бұлшықетінің қабынуына, жүйке жүйесінің зақымдануына, тыныс алу жолдарының бітелуіне және басқа да ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Сондықтан ауру белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделуге болмайды.

Күл ауруының алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген жолы – вакцинация. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес балаларға алғашқы вакцинация 2, 3 және 4 айлық кезінде жүргізіледі. Кейін ревакцинация 18 айлығында және 6 жасында жасалады. 16 жаста АДС-М вакцинасымен қайта егіледі, ал одан кейін ересектер әр 10 жыл сайын ревакцинациядан өтуі тиіс.

Бүгінде балаларды қорғау мақсатында құрамында бірнеше инфекцияға қарсы компоненттері бар заманауи комбинирленген вакциналар қолданылады. Атап айтқанда, «Гексаксим» вакцинасы күл, сіреспе, көкжөтел, гемофильді инфекция, В вирусты гепатиті және полиомиелиттен қорғайды. Ал «Пентаксим» вакцинасы күл, сіреспе, көкжөтел, гемофильді инфекция және полиомиелитке қарсы иммунитет қалыптастырады. Мұндай вакциналардың артықшылығы – бір екпемен бірнеше қауіпті инфекциядан қорғап, инъекция санын азайтады.

Қазіргі уақытта ересектер арасында да вакцинацияның маңызы ерекше. Әсіресе медицина қызметкерлері, мұғалімдер, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері, қоғамдық тамақтану орындарының және халыққа қызмет көрсету саласының мамандары өздерінің вакцинация мерзімін қадағалап, әр 10 жыл сайын ревакцинациядан өтіп отыруы қажет.

Егер адамда дифтерия анықталса, ол міндетті түрде жұқпалы аурулар стационарына жатқызылады. Емдеу кезінде арнайы дифтерияға қарсы сарысу енгізіліп, дәрігердің бақылауымен кешенді ем жүргізіледі. Науқас инфекцияның таралуын болдырмау үшін белгілі бір уақытқа оқшауланады.

Әрбір адамның денсаулығы өз қолында. Уақтылы вакцинациядан өту, жеке бас гигиенасын сақтау және ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге дереу қаралу – дифтерияның алдын алудың ең тиімді шаралары. Вакцинация – тек жеке қорғаныс емес, сонымен қатар қоғамның инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.

 

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Оқылды 173 рет