Жұма, 17 Шілде 2026 12:23

Қарбыздан уланудың алдын алу: қауіпсіз тұтыну ережелері

Жаз мезгілінде қарбыз – халықтың сүйіп тұтынатын жемістерінің бірі. Оның құрамында ағзаға пайдалы дәрумендер, минералдар және көп мөлшерде су болғандықтан, қарбыз шөлді басып, ағзаны сергітеді. Алайда қарбызды дұрыс таңдамау немесе санитариялық талаптарды сақтамау тағамнан улануға себеп болуы мүмкін.

Қарбыз құрамында нитраттардың шамадан тыс болуы адам денсаулығына қауіп төндіреді. Нитраттар – өсімдіктердің өсуіне қажетті азотты қосылыстар. Бірақ тыңайтқыштарды шамадан тыс қолданғанда немесе өнімді дұрыс өсірмеген жағдайда олардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кетуі мүмкін. Мұндай қарбызды тұтыну нитраттармен улануға әкеледі.

Улану белгілері көбіне қарбызды жегеннен кейін 4–6 сағаттан соң байқалады. Науқаста жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, бас айналу және бұлшықеттер мен буындардың сырқырауы байқалуы мүмкін. Егер уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, нитраттар ағзаға елеулі зиян келтіруі ықтимал.

Алғашқы улану белгілері байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Дәрігер келгенге дейін зардап шегушіге энтеросорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмірді) қабылдатуға, таза суды көбірек ішкізуге, тыныштық қамтамасыз етуге және оның жағдайын бақылауға кеңес беріледі.

Егер улану белгілері жүкті әйелдерде, егде жастағы адамдарда немесе 12 жасқа дейінгі балаларда байқалса, жедел түрде жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.

Қарбыздан уланудың алдын алу үшін қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау жеткілікті.

Ең алдымен, қарбызды кесер алдында оның қабығын ағынды сумен мұқият жуып, қажет болған жағдайда щеткамен тазалау керек. Себебі қабығының бетінде топырақ, шаң-тозаң және түрлі микроорганизмдер болуы мүмкін.

Қарбызды пайдаланар алдында оны шамамен 30 минут салқын суға салып қою ұсынылады. Бұл қабықтағы ластануды азайтуға көмектеседі.

Қарбыздың қабығына жақын орналасқан жұмсағын көп мөлшерде жеуге болмайды. Себебі нитраттардың ең көп мөлшері дәл осы бөлікте жиналуы мүмкін.

Сатып алу кезінде сатушыдан қарбызды кесіп беруді сұрамаңыз және алдын ала тілінген қарбызды сатып алмаңыз. Қарбыз егістікте жермен жанасып өседі, тасымалдау кезінде әртүрлі ластануға ұшырауы мүмкін. Кесілген жер арқылы жеміске ауру қоздырғыш микроорганизмдер оңай енеді. Сонымен қатар сатушының немесе сатып алушының жуылмаған қолдары да тағамдық инфекциялардың таралу қаупін арттырады.

Қарбыздағы нитраттардың мөлшеріне күмәндансаңыз, қарапайым әдісті қолдануға болады. Қарбыздың бір бөлігін алып, стақандағы таза суға салыңыз. Егер су жай ғана лайланбай, қызғылт немесе қызыл түске боялса, бұл өнімде нитраттардың жоғары мөлшерде болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қарбыз сатып алғанда оның сыртқы түріне ерекше назар аударыңыз. Қабығы бүтін, жарылмаған, соғылмаған және шіріген жерлері болмауы тиіс. Зақымдалған жемістерде зиянды микроорганизмдер тез көбейеді.

Жемістер мен көкөністерді тек ресми сауда орындарынан сатып алған жөн. Ондай жерлерде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне санитариялық бақылау жүргізіледі.

Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды тағамнан уланудан қорғауға болады. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз өнімдерді таңдаңыз.

 

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Оқылды 130 рет