Сәрсенбі, 29 Шілде 2026 15:34

Өткір ішек жұқпаларының алдын алу – денсаулықты сақтаудың басты кепілі

Өткір ішек жұқпалары – әлемде кең таралған жұқпалы аурулардың бірі. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты бұл аурулардың таралу қаупі артады. Сондықтан әрбір адам жеке бас гигиенасын сақтап, тағам қауіпсіздігі ережелерін ұстануы өте маңызды.

Инфекцияның негізгі көзі – науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Ауру қоздырғыштары адам ағзасына бірнеше жолмен енеді:

 

сапасыз немесе жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген тағам арқылы;

ластанған ауыз су арқылы;

кір қол, тұрмыстық заттар және ортақ пайдаланылатын ыдыстар арқылы.

 

Көп жағдайда жұқпа тағам арқылы таралады. Сондықтан тағам өнімдерінің сапасына және оларды сақтау талаптарына ерекше көңіл бөлу қажет.

 

Аурудың белгілері:

Өткір ішек жұқпалары әдетте кенеттен басталады. Негізгі белгілері:

дене қызуының көтерілуі;

жүрек айну және бірнеше рет құсу;

іштің бүріп ауыруы;

жиі іш өту;

бас ауруы;

жалпы әлсіздік.

Жиі іш өту мен құсу салдарынан ағза, әсіресе балаларда, тез сусызданады. Сонымен қатар организм көптеген маңызды минералдар мен микроэлементтерді жоғалтады. Мұндай жағдайда өздігінен емделмей, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

Өткір ішек жұқпаларының алдын алу үшін қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау жеткілікті.

Тағамды міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткізіңіз.

Үйде дайындалған тағамдарды сақтау мерзімін қадағалаңыз.

Жеке адамдардан сатып алынған сүт өнімдерін міндетті түрде қайнатып пайдаланыңыз.

Балаларға тек қайнатылған немесе қауіпсіз ауыз су беріңіз.

Жемістер мен көкөністерді ағынды сумен мұқият жуып барып тұтыныңыз.

Қолды дәретханадан кейін, көшеден келгенде, тамақ әзірлер алдында және тамақтанар алдында сабындап жуыңыз.

Баланы тамақтандырмас немесе емізер алдында қол тазалығына ерекше көңіл бөліңіз.

Тамақ дайындау, ыдыс жуу және ауыз су үшін ашық су көздерінің (арық, өзен, көл) суын пайдаланбаңыз.

Дайын тағамдарды ашық қалдырмаңыз, оларды шыбын-шіркейден қорғаңыз.

Тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтаңыз.

Көшеде сатылатын тағамдарды сатып аларда олардың сапасына, жарамдылық мерзіміне және сақтау жағдайына назар аударыңыз.

Өткір ішек жұқпаларының басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін қарапайым тазалық ережелерін сақтап, қауіпсіз тағам мен сапалы ауыз суды пайдалану жеткілікті. Уақтылы алдын алу шаралары өз денсаулығыңызды ғана емес, отбасыңыздың да амандығын сақтауға мүмкіндік береді.

 

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Оқылды 191 рет