Ауру адамға көбіне құтырған немесе вирус жұқтырған жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің ашық жараға, сызатқа немесе шырышты қабыққа түсуі арқылы жұғады. Инфекцияның негізгі тасымалдаушылары – ит, мысық, түлкі, қасқыр, қарсақ және басқа да үй және жабайы жануарлар.
Құтыру қалай жұғады?
Кейде жануардың жарақаты жеңіл көрінгенімен, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Вирус жара арқылы адам ағзасына еніп, жүйке талшықтары арқылы миға таралады. Егер дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, ауру жасырын түрде дамиды. Инкубациялық кезең бірнеше күннен бір жылға дейін, кейде одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Оның ұзақтығы жараның орналасқан жеріне, тереңдігіне және ағзаға түскен вирустың мөлшеріне байланысты.
Аурудың алғашқы белгілері
Құтырудың бастапқы кезеңінде келесі белгілер байқалады:
дене қызуының көтерілуі;
жалпы әлсіздік;
бас ауруы;
тістелген немесе тырналған жердің қызаруы, ашуы және қышуы.
Ауру асқынған сайын науқаста:
мазасыздық пен қорқыныш;
ашушаңдық;
жұтынудың қиындауы;
судан, жарықтан және желден қорқу;
бұлшықеттердің тырысуы;
қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы байқалады.
Құтырудың клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін аурудың емі жоқ және көп жағдайда өліммен аяқталады.
Алдын алу – өмірді сақтайтын шешім
Құтырудың алдын алудың ең тиімді жолы – жарақаттан кейін дереу медициналық көмекке жүгіну.
Егер жануар тістеп алса, тырнап кетсе немесе сілекейі жараға түссе:
жараны мүмкіндігінше тез арада 20% сабынды сумен кемінде 10–15 минут мұқият жуыңыз;
жараның шеттерін 70% спиртпен немесе 5% йод ерітіндісімен өңдеңіз;
стерильді таңғыш салыңыз;
уақыт жоғалтпай медициналық ұйымға барыңыз.
Дәрігер қажет болған жағдайда құтыруға қарсы антирабиялық иммуноглобулин мен вакциналау курсын тағайындайды. Вакцинацияны уақытында бастау аурудың дамуын тиімді түрде болдырмайды және адамның өмірін сақтап қалады.
Денсаулыққа жауапкершілікпен қараңыз
Бейтаныс немесе қаңғыбас жануарларға жақындамаңыз, балаларға жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас ережелерін түсіндіріңіз. Үй жануарларын уақтылы құтыруға қарсы вакцинациялау да аурудың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Есіңізде болсын: құтырудың емі жоқ, бірақ оның алдын алуға болады. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек – өмірді сақтайтын басты шара.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.