Сенбі, 01 Тамыз 2026 12:17

Дерматомикоз аурушаңдығы дегеніміз не?

Дерматомикоз – терінің, шаштың және тырнақтың ауру тудыратын саңырауқұлақтармен зақымдануы нәтижесінде пайда болатын жұқпалы ауру. Бұл ауру балалар мен ересектер арасында кең таралған және дер кезінде емделмеген жағдайда ұзаққа созылып, айналасындағы адамдарға жұғу қаупін арттырады.

Дерматомикоздың қоздырғыштары көбінесе адамнан адамға тікелей байланыс арқылы немесе ортақ пайдаланылатын тұрмыстық заттар арқылы беріледі. Сонымен қатар ауру үй жануарлары мен қаңғыбас ит-мысықтардан да жұғуы мүмкін. Сондықтан жануарлармен байланыс жасағаннан кейін қолды мұқият жуу және олардың денсаулығына назар аудару маңызды.

Аурудың негізгі белгілеріне теріде қызарған, шеті анық шеңбер тәрізді дақтардың пайда болуы, қышыну, қабыршақтану, шаштың сынуы немесе түсуі, сондай-ақ тырнақтың түсінің өзгеруі, қалыңдауы және үгітілуі жатады. Мұндай белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, міндетті түрде дәрігер-дерматологқа қаралған жөн.

Дерматомикоздың дамуына иммунитеттің әлсіреуі, жеке бас гигиенасының сақталмауы, терінің жарақаттануы, шамадан тыс терлеу, созылмалы аурулар және қоғамдық орындарда санитариялық талаптардың сақталмауы әсер етеді. Монша, сауна, бассейн, спорт залдары сияқты қоғамдық орындарда жеке аяқ киім пайдалану және жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды.

Аурудың алдын алу үшін қарапайым профилактикалық шараларды ұстану қажет. Атап айтқанда:

 

жеке бас гигиенасын сақтау;

бөтен адамның аяқ киімі мен киімін пайдаланбау;

жеке сүлгі, тарақ және маникюр құралдарын қолдану;

қоғамдық монша мен бассейнде арнайы аяқ киім кию;

үй жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізу;

теріде күмәнді өзгерістер байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралу.

Дерматомикоздың алдын алуда халықтың санитариялық сауаттылығын арттырудың маңызы зор. Ауруды ерте анықтау және толық емдеу оның таралуын азайтып, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, жеке бас гигиенасы талаптарын сақтаңыз. Дер кезінде дәрігерге қаралу – денсаулықты сақтаудың және жақындарыңызды жұқпалы аурулардан қорғаудың ең тиімді жолы.

 

 А. Темірхан,  Әл-Фараби ауданының

СЭББ эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы

Оқылды 333 рет