Аурудың қоздырғышы – тырысқақ вибрионы. Ол ашық су көздерінде, ағын суларда, тағам өнімдерінде бірнеше аптадан бірнеше айға дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Тырысқақ қалай жұғады?
Инфекцияның негізгі көзі – ауру адам немесе ауру белгілері байқалмайтын, бірақ қоздырғышты нәжіспен және құсық арқылы сыртқы ортаға бөлетін вибриотасымалдаушы.
Ауру көбіне:
қайнатылмаған немесе ластанған суды пайдаланғанда;
жуылмаған жеміс-жидек пен көкөністі тұтынғанда;
санитариялық талаптар сақталмаған тағамдарды қолданғанда;
лас қол арқылы;
ауру адаммен немесе оның пайдаланған заттарымен байланыста болғанда;
ластанған су айдындарында шомылғанда жұғады.
Аурудың белгілері
Тырысқақтың жасырын кезеңі әдетте бірнеше сағаттан 5 күнге дейін созылады. Көп жағдайда алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 3–5 күн ішінде байқалады.
Негізгі белгілері:
кенеттен басталатын жиі іш өту;
бірнеше рет қайталанатын құсу;
дене қызуының қалыпты болуы немесе төмендеуі;
қатты шөлдеу;
ауыздың кебуі;
жалпы әлсіздік;
бұлшықеттердің тартылуы мен тырысуы;
терінің бозаруы немесе көгеруі;
қан қысымының төмендеуі.
Ауру асқынған жағдайда ағза көп мөлшерде сұйықтық жоғалтып, ауыр сусыздануға ұшырайды. Бұл жағдай жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуына, бүйрек қызметінің жеткіліксіздігіне және өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары
Тырысқақтың алдын алудың ең тиімді жолы – жеке және қоғамдық гигиена талаптарын сақтау.
Ол үшін:
тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз;
тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен мұқият жуыңыз;
жемістер мен көкөністерді ағын сумен жақсылап жуыңыз;
тағамдарды толық термиялық өңдеуден өткізіңіз;
рұқсат етілмеген жерлерден азық-түлік сатып алмаңыз;
белгісіз су көздерінде шомылудан аулақ болыңыз;
ауру белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу медициналық ұйымға жүгініңіз.
Тырысқақ – алдын алуға болатын ауру. Әрбір азамат санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтап, қауіпсіз ауыз суды пайдалану арқылы өз денсаулығын және жақындарының денсаулығын қорғай алады. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралу – ауыр асқынулардың алдын алудың ең тиімді жолы.
Әл-Фараби ауданының СЭББ эпидемиологиялық бақылау бөлімі