Альвеококкоздың басты қауіптілігі – аурудың ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі. Сондықтан ерте кезеңде анықтау қиынға соғады, ал емдеу көбіне асқынулар дамыған кезде басталады.
Жұқтыру жолдары
Паразиттің негізгі тасымалдаушылары – түлкі, қасқыр, қарсақ және басқа да жабайы жыртқыштар, сондай-ақ кейбір иттер мен етқоректі жануарлар. Паразит олардың ішегінде тіршілік етіп, жұмыртқаларын сыртқы ортаға бөледі.
Адам паразит жұмыртқалары ағзаға түскен кезде жұқтырады:
жабайы және үй жануарларымен байланыс кезінде;
аң терісін сыпыру және ұшасын өңдеу барысында;
лас қол арқылы;
жуылмаған орман жидектерін, саңырауқұлақтарды, көкөністер мен көкті пайдаланғанда;
тексерілмеген табиғи су көздерінің суын ішкенде.
Адам басқа адамдар үшін инфекция көзі болып табылмайды. Адам ағзасында паразит жетілген түрге айналмайды, бірақ оның дернәсілдері бауырда көпіршікті түзілістер қалыптастырып, тіндерді біртіндеп зақымдайды.
Аурудың белгілері
Ерте кезеңде белгілер байқалмауы мүмкін. Ауру дамыған сайын:
оң жақ қабырға астындағы ауырсыну немесе ауырлық сезімі;
бауырдың ұлғаюы;
әлсіздік, тез шаршау;
тәбеттің төмендеуі;
дене салмағының азаюы;
жүрек айнуы байқалады.
Асқынған жағдайда сарғаю, қатты ауырсыну, қабыну процестері және бауыр қызметінің бұзылуы дамуы мүмкін.
Диагностика
Ауруды анықтау үшін:
бауырдың ультрадыбыстық зерттеуі;
компьютерлік немесе магниттік-резонанстық томография;
қанның серологиялық зерттеулері;
дәрігер тағайындаған зертханалық талдаулар жүргізіледі.
Емі
Альвеококкозды емдеу міндетті түрде медицина ұйымында дәрігерлердің бақылауымен жүргізіледі. Емдеу тәсілдеріне:
зақымданған тіндерді хирургиялық жолмен алып тастау (мүмкін болған жағдайда);
ұзақ мерзімді паразитке қарсы дәрілік терапия;
емнен кейінгі тұрақты медициналық бақылау жатады.
Өзін-өзі емдеуге болмайды.
Алдын алу шаралары
Аурудың алдын алу үшін:
жануарлармен байланыстан кейін қолды сабындап жуу;
аң терісі мен ұшасын өңдеу кезінде қорғаныш қолғаптарын пайдалану;
жидектерді, көкөністерді, көкті және саңырауқұлақтарды мұқият жуу;
тек қауіпсіз ауыз суды пайдалану;
үй жануарларын уақытылы дегельминтизациялау;
аңшылық кезінде және жабайы жануарлармен жұмыс істегенде жеке бас гигиенасын сақтау қажет.
Ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралу және алдын алу шараларын сақтау альвеококкоздың ауыр асқынуларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы дайындады