Туберкулез – туберкулез микобактериялары қоздыратын, көбіне өкпені зақымдайтын жұқпалы ауру. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде бөлінетін ұсақ бөлшектер арқылы ауаға таралуы мүмкін. Сондықтан туберкулездің алдын алу – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Туберкулез қалай жұғады?
Туберкулезбен ауыратын адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде инфекция қоздырғыштары ауаға таралуы мүмкін. Құрамында микобактериялары бар ауаны жұтқан кезде олар тыныс алу жолдары арқылы өкпеге түсуі ықтимал.
Туберкулез кез келген ағзаны зақымдауы мүмкін, алайда оның ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі.
Аурудың дамуына қандай факторлар әсер етеді?
Туберкулездің пайда болу қаупін арттыратын факторларға иммунитеттің әлсіреуі, дұрыс тамақтанбау, кейбір созылмалы және қатар жүретін аурулар, ұзақ уақыттық күйзеліс, сондай-ақ темекі шегу мен басқа да зиянды әдеттер жатады.
Сондықтан денсаулықты нығайту, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтын ұстану маңызды.
Туберкулездің алғашқы белгілері қандай?
Аурудың белгілері әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен мынадай белгілерге ерекше назар аударған жөн:
екі аптадан ұзаққа созылған жөтел;
дене қызуының көтерілуі;
түнгі тершеңдік;
тәбеттің төмендеуі;
дене салмағының себепсіз азаюы;
кеуде тұсының ауыруы;
әлсіздік пен тез шаршау;
қақырықта қанның байқалуы.
Бұл белгілердің бірі немесе бірнешеуі байқалса, өздігінен емделмей, медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Туберкулездің алдын қалай алуға болады?
Аурудың алдын алуда вакцинация, профилактикалық тексерулер және жеке гигиена талаптарын сақтау маңызды.
Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы егіледі. Балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында медициналық көрсеткіштерге сәйкес скринингтік тексерулер жүргізіледі.
Ересектерге де профилактикалық тексеруден уақытылы өтіп тұру ұсынылады. Тұрғындардың белгілі бір санаттары үшін тексеру тәртібі денсаулық сақтау талаптарына сәйкес белгіленеді.
Туберкулезден қорғану үшін не істеу керек?
Салауатты өмір салтын ұстану, құнарлы әрі теңгерімді тамақтану, дене белсенділігін арттыру және жеткілікті демалу ағзаның қорғаныс қабілетін сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар:
темекі, алкоголь және есірткіден бас тарту;
қолды сабынмен үнемі жуу;
жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу;
бөлмені жиі желдетіп, тазалық сақтау;
таза ауада серуендеу;
қақырықты кез келген жерге түкірмеу;
профилактикалық медициналық тексерулерден уақытылы өту қажет.
Туберкулез емделеді!
Туберкулез – дер кезінде анықталып, дәрігер тағайындаған ем толық сақталған жағдайда емдеуге болатын ауру. Ең бастысы – аурудың белгілерін елемей, медициналық көмекке уақытында жүгіну және емдеу курсын өз бетінше тоқтатпау.
Денсаулығыңызға бейжай қарамаңыз! Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда тиімді. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, туберкулездің таралуына бірге тосқауыл қояйық!
Шымкент қаласы Тұран ауданының санитариялық
эпидемиологиялық бақылау басқармасы