Сейсенбі, 04 Тамыз 2026 09:41

Лейшманиоз: белгілері және алдын алу шаралары

Климаттың жылынуы және оңтүстік өңірлерде москиттердің көбеюі лейшманиозды жұқтыру қаупін арттыруы мүмкін. Лейшманиоз – инфекцияланған қан сорғыш жәндіктердің, атап айтқанда москиттердің шағуы арқылы таралатын паразиттік ауру.

Аурудың негізгі табиғи резервуарларына үлкен құмтышқандар және басқа да кеміргіштер жатады. Сонымен қатар үй және қаңғыбас иттер де инфекция көзі болуы мүмкін. Лейшманиоз адамнан адамға тікелей берілмейді. Аурудың инкубациялық кезеңі бір аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.

Лейшманиоздың түрлері

Лейшманиоздың негізгі екі түрі бар – терілік және висцералдық.

Терілік лейшманиоз теріде ұзақ уақыт жазылмайтын жаралардың пайда болуымен сипатталады. Аурудан кейін қалыптасатын иммунитет тұрақсыз болуы мүмкін. Сондықтан аурудың белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке дер кезінде жүгіну маңызды.

Висцералдық лейшманиоз ішкі ағзаларды зақымдайды. Емделмеген жағдайда ауру ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Бұл түрінен кейін, әдетте, ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасады.

Таралу ошақтары

Терілік лейшманиоздың табиғи ошақтары Түркістан облысының Отырар, Шардара және Арыс аудандарында кездеседі.

Висцералдық лейшманиоздың белсенді ошақтары Қызылорда облысында орналасқан.

Оңтүстік өңірлерде болғаннан кейін теріде бөртпе, жара немесе ұзақ уақыт жазылмайтын зақым пайда болса, дерматологқа немесе инфекционист дәрігерге жедел қаралу қажет. Ауруды ерте анықтап, тиісті ем қабылдау сауығу мүмкіндігін арттырады.

Лейшманиоздан қалай сақтануға болады?

Аурудың алдын алуда москиттердің шағуынан қорғану маңызды. Мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады:

москиттерге қарсы репелленттерді пайдалану;

кешкі уақытта денені жауып тұратын жабық киім кию;

терезелер мен есіктерге антимоскиттік тор орнату;

үй-жайларда фумигаторларды қолдану;

қаңғыбас жануарлармен қарым-қатынасты шектеу;

үй иттерін тұрақты түрде ветеринариялық тексеруден өткізу;

үй маңындағы аумақ пен жертөлелерді таза ұстау;

қажет болған жағдайда дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізу.

Қарапайым профилактикалық шараларды сақтау инфекция жұқтыру қаупін азайтуға көмектеседі. Денеде ұзақ уақыт жазылмайтын жара немесе басқа да күмәнді белгілер пайда болған жағдайда, өздігінен емделмей, дәрігерге жүгінген жөн.

Денсаулықты сақтау – сақтықтан басталады!

 

Шымкент қаласы Тұран ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы

Оқылды 202 рет