Сәрсенбі, 22 Шілде 2026 21:34

Артериялық гипертензиясы бар пациенттер МӘМС аясында қажетті көмек ала алады

Жоғары қан қысымын елемеуге болмайды: 2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтарға артериялық гипертензияны динамикалық бақылау және емдеу МӘМС аясында қолжетімді.

Артериялық гипертензия — кең таралған созылмалы аурулардың бірі. Оның басты ерекшелігі — дерт ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан кейбір адамдар қан қысымы жоғары болғанына қарамастан өзін сау сезінеді және дәрігерге қаралу қажеттілігін кейінге қалдырады. Алайда симптомдардың болмауы аурудың қауіпсіз екенін білдірмейді.

Қан қысымының ұзақ уақыт бойы жоғары болуы жүрек пен қан тамырларына түсетін жүктемені арттырып, ауыр асқынулардың даму қаупін жоғарылатады. Қазақстанда шамамен 1,5 млн адам артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр. Сонымен қатар жыл сайын елде инсульт пен миокард инфаркті сияқты 50 мыңнан астам асқыну тіркеледі.

Артериялық қысымды не үшін бақылау қажет?

Артериялық гипертензияның негізгі қаупі — оның ұзақ мерзімді салдарында. Қан қысымының тұрақты түрде жоғары болуы миокард инфарктіне, инсультке, жүрек жеткіліксіздігіне, созылмалы бүйрек ауруларына және басқа да жүрек-қан тамырлары асқынуларына әкелуі мүмкін.

Кей жағдайда пациент өзін жақсы сезінеді және қан қысымының жоғары көрсеткіштеріне мән бермейді. Бірақ гипертензияны бақылаусыз қалдыру аурудың асқынуына себеп болуы ықтимал. Сондықтан емдеу тек қысым көтерілген кезде ғана дәрі қабылдаумен шектелмеуі керек.

Артериялық гипертензиясы бар пациенттер дәрігердің тұрақты бақылауында болып, белгіленген тексерулерден уақытылы өтуі және тағайындалған дәрілік препараттарды дәрігер ұсынған тәртіппен қабылдауы қажет.

Пациенттің жағдайына қарай дәрігер кардиологтың консультациясын, электрокардиографияны, эхокардиографияны, қан қысымын тәулік бойы бақылауды, Холтер мониторингі мен зертханалық талдауларды тағайындауы мүмкін.

2026 жылдан бастап не өзгерді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап артериялық гипертензия динамикалық бақылау және емдеу МӘМС жүйесіне енгізілген созылмалы аурулардың қатарына кірді. Яғни сақтандырылған азаматтар артериялық гипертензия бойынша қажетті медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде ала алады.

МӘМС аясында артериялық гипертензиясы бар пациенттерге көрсетілімдерге сәйкес:

бейінді мамандардың, оның ішінде кардиологтың консультациясы;

қажетті зертханалық талдаулар;

диагностикалық зерттеулер;

қан қысымын тәулік бойы мониторингілеу;

Холтер мониторингі;

электрокардиография және басқа да зерттеулер;

дәрілік терапия;

қажет болған жағдайда аурудың асқынуларын емдеу қолжетімді.

Бұл ретте нақты тексеру мен емдеу көлемін пациенттің диагнозына, аурудың ауырлық дәрежесіне, қауіп факторларына және жалпы денсаулық жағдайына қарай дәрігер анықтайды.

Кімдер медициналық көмек ала алады?

МӘМС аясындағы медициналық көмекті алу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы маңызды. Сондықтан артериялық гипертензия диагнозы қойылған пациенттерге МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесін алдын ала тексеріп, емханаға уақытылы жүгінген жөн.

2026 жылдан бастап әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту бағытында да өзгерістер енгізілді. 1 қаңтардан бастап әлеуметтік әл-ауқатының D және E деңгейлеріне жатқызылған азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді. Нәтижесінде аталған азаматтарға сақтандырылған мәртебесі беріліп, МӘМС аясындағы қажетті медициналық көмекті алуға мүмкіндік пайда болды.

Асқынуды күтпей, ауруды бақылауда ұстаңыз

Артериялық гипертензияны емдеудің басты мақсаты — қан қысымын қалыпты деңгейде ұстап қана қоймай, инсульт, инфаркт және басқа да ауыр асқынулардың алдын алу.

Пациент дәрігер тағайындаған дәрілік препараттарды өз бетінше тоқтатпауы немесе олардың мөлшерін өзгертпеуі керек. Қан қысымының қалыпқа келуі көбіне дұрыс таңдалған емнің нәтижесі болады. Сондықтан емдеу схемасына өзгеріс енгізу мәселесін тек дәрігермен талқылаған жөн.

Салауатты өмір салты да маңызды рөл атқарады. Тұзды шамадан тыс тұтынуды шектеу, темекіден бас тарту, дене салмағын бақылау, тұрақты физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану және қан қысымын үй жағдайында жүйелі түрде өлшеу жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.

Артериялық гипертензияны уақытылы анықтап, үнемі бақылауда ұстау — денсаулықты сақтаудың маңызды қадамы. Ауру белгілері байқалмаса да, дәрігерге тұрақты қаралып, қажетті тексерулерден өту керек.

Егер сізге артериялық гипертензия диагнозы қойылған болса, МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебеңізді тексеріп, тіркелген емханаңызға жүгініңіз. Уақытылы бақылау мен дұрыс емдеу болашақта инфаркт, инсульт және басқа да ауыр асқынулардың қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Оқылды 112 рет