Роза Түзелбайқызы еңбек жолын қарапайым дәрігер ретінде бастап, кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының медициналық ұйымдарында, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында, Шымкент қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында, облыстық балалар ауруханасында және Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.
Соңғы жылдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалында «Медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді бақылау» бөлімінің бас сарапшысы ретінде еңбек етіп, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін нығайтуға және халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін жақсартуға сүбелі үлес қосты.
Роза Түзелбайқызы кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілігімен де ерекшеленетін дара тұлға. Ол жас мамандарға тәлімгер болып, әріптестерінің құрметіне бөленген, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқылы көпшілікке үлгі болған азамат.
Құрметті еңбек демалысына шығуына орай ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева мен филиал ұжымы ардагерді құрметпен шығарып салып, көп жылғы адал еңбегі мен медицина саласының дамуына қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.
Роза Түзелбайқызының ұзақ жылғы еңбегі мен жоғары кәсібилігі кейінгі буынға өнеге болып қала бермек. Ардагер маманға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақ-береке және бақытты зейнет тілейміз.