Жұма, 07 Тамыз 2026 14:13

Шымкентте МӘМС аясында 1500-ге жуық күрделі операция жасалды

Жыл басынан бері Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Шымкент қалалық клиникасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында 1500-ге жуық пациентке жоғары технологиялық офтальмологиялық медициналық көмек көрсетілді. Олардың көпшілігі үшін уақтылы жасалған хирургиялық ем көру қабілетін сақтап қалуға және ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазіргі офтальмология көз ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне ие. Дегенмен емнің нәтижелі болуы көбіне пациенттің медициналық көмекке қаншалықты ерте жүгінетініне байланысты.

МӘМС жүйесі аясында медициналық көрсетілімі бар пациенттер мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек ала алады. Біздің клиникада катаракта, глаукома, көздің тор қабығының сылынуы және көру қабілетінің айтарлықтай төмендеуіне немесе толық жоғалуына әкелуі мүмкін басқа да күрделі ауруларға байланысты операциялар жасалады.

Көздің тор қабығының сылынуы шұғыл емдеуді қажет етеді

Офтальмологиядағы аса қауіпті жағдайлардың бірі – көздің тор қабығының сылынуы. Бұл ауру ерекше бақылауды және көп жағдайда шұғыл хирургиялық емді қажет етеді.

Тор қабығы көру процесінде маңызды рөл атқарады. Ол жарықты қабылдап, алынған ақпаратты миға жеткізеді. Тор қабығы сылынған кезде көру функциясы бұзылады. Уақтылы ем көрсетілмеген жағдайда көру қабілетін қайтымсыз жоғалту қаупі бар.

Жақында осындай диагнозбен Шымкент қаласының 60 жастағы тұрғыны Мұхидин Қалдыбаев клиникамызға жүгінді. Науқастың оң көзінің тор қабығы сылынып, соның салдарынан көру қабілеті толықтай жоғалған. Жағдай шұғыл хирургиялық емді қажет етті, өйткені көру қабілетінен біржола айырылу қаупі жоғары болды.

Клиникамыздың офтальмохирургтері күрделі жоғары технологиялық операция жасады. Уақтылы жүргізілген хирургиялық емнің нәтижесінде пациенттің көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Науқас үшін бұл өте маңызды нәтиже болды. Емнен кейін ол оң өзгерістерді сезініп, дәрігерлерге кәсіби жұмысы мен көрсеткен медициналық көмегі үшін алғысын білдірді.

Операциядан бөлек, дер кезінде дәрігерге қаралу маңызды

Клиника басшысы ретінде тұрғындардың назарын офтальмологқа уақытылы қаралу қажеттігіне ерекше аударғым келеді.

Тәжірибеде кейбір пациенттердің дәрігерге ауру асқынып кеткен кезде жүгінетіні кездеседі. Кейбір көз ауруларында жоғалған көру қабілетін толық қалпына келтіру мүмкін болмайды. Сондықтан ерте диагностика өте маңызды.

Көрудің кенеттен нашарлауы, көз алдында жарықтың жарқылдауы немесе «шыбындардың» пайда болуы, көру аймағының белгілі бір бөлігінің жоғалуы, көз алдында «перде» тұрғандай сезімнің пайда болуы немесе көру өткірлігінің күрт төмендеуі сияқты белгілерді елемеуге болмайды.

Мұндай жағдайларда мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет.

Жоғары технологиялық көмек МӘМС аясында көрсетіледі

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының Шымкент қалалық клиникасы – өңірдегі жоғары технологиялық офтальмологиялық көмек көрсететін жетекші медициналық ұйымдардың бірі.

Клиникада жыл сайын шамамен 2500 күрделі операция жасалады. Бұл Шымкент қаласының және басқа да өңірлердің тұрғындарына заманауи диагностика мен хирургиялық емдеу әдістерін пайдалана отырып, қажетті мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

МӘМС жүйесі мұндай медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Медициналық көрсетілімі бар пациенттер қажетті мамандандырылған емді тиісті тәртіппен МӘМС жүйесі аясында ала алады.

Алдын алу тексеруінің маңызы зор

Көз ауруларының барлығы бірдей бастапқы кезеңде айқын белгілермен байқалмайды. Мысалы, глаукоманың кейбір түрлері ұзақ уақыт бойы адамға білінбей дамуы мүмкін. Пациент ауырсыну сезінбеуі немесе көру қабілетінің күрт нашарлағанын байқамауы ықтимал. Алайда бұл уақытта ауру үдерісі жалғаса береді.

Сондықтан офтальмологқа тұрақты түрде қаралу өте маңызды. Әсіресе егде жастағы адамдарға, созылмалы аурулары бар пациенттерге және қауіп факторлары бар азаматтарға профилактикалық тексеруден өтіп тұру қажет.

Уақтылы тексеру көздегі өзгерістерді ерте анықтап, әрі қарай бақылау немесе емдеу тактикасын белгілеуге мүмкіндік береді.

Басты міндетіміз – пациенттің көру қабілетін сақтау

Офтальмолог дәрігер үшін ең маңызды міндет – операция жасау ғана емес, пациенттің көру функциясын барынша сақтап, оның өмір сапасын жақсарту.

Бүгінде заманауи технологиялардың арқасында офтальмохирургияның мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. Дегенмен ең заманауи медициналық құрал-жабдық пен жоғары білікті мамандардың болуы пациенттің дәрігерге уақытылы жүгінуінің орнын алмастыра алмайды.

Сондықтан Шымкент тұрғындарын өз көру қабілетіне жауапкершілікпен қарауға, алаңдататын белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге баруды кейінге қалдырмауға және профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұруға шақырамын.

Жыл басынан бері клиникамызда МӘМС аясында жасалған 1500-ге жуық күрделі офтальмологиялық операция – бұл жай ғана статистика емес. Оның артында медициналық көмекке мұқтаж 1500-ге жуық адамның тағдыры, денсаулығы және өмір сапасы тұр.

Әрбір операцияның артында көру қабілетін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болған нақты пациент бар.

Сондықтан біздің басты міндетіміз – пациенттердің көру қабілетін сақтау және оларға сапалы, заманауи медициналық көмек көрсету.

 

 

Рүстем Ботабеков, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты

Шымкент қалалық клиникасының директоры

Оқылды 215 рет