Жексенбі, 26 Шілде 2026 22:58

Скарлатинаның алдын алу – жұқпалы аурудың таралуын болдырмаудың маңызды шарасы

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының түсіндіруі бойынша.

Скарлатина – негізінен жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын, жедел ағымда өтетін жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, жалпы әлсіздікпен, бас ауруымен, тамақтың ауыруымен және теріде ұсақ қызыл бөртпелердің пайда болуымен сипатталады. Скарлатинаның қоздырғышы – А тобының β-гемолитикалық стрептокогы. Ауру көбіне мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында кездеседі.

 

Инфекцияның негізгі көзі – скарлатинамен немесе стрептококкты инфекциямен ауырған адам, сондай-ақ бактерия тасымалдаушысы. Қоздырғыш көбіне ауа-тамшылы жолмен таралады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде бөлінетін ұсақ тамшылар арқылы инфекция айналасындағыларға жұғуы мүмкін. Сондықтан балалар ұжымдарында аурудың таралу қаупі жоғары болады.

 

Скарлатинаның алғашқы белгілері инфекция жұққаннан кейін әдетте бірнеше күн ішінде байқалады. Дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтерілуі, тамақтың қатты ауыруы, жұтынудың қиындауы, бас ауруы, әлсіздік, кей жағдайда құсу болуы мүмкін. Жұтқыншақ қызарып, бадамша бездер ұлғайып, қабыну белгілері байқалады. Кейін денеде бөртпе пайда болуы мүмкін. Осындай белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.

 

Скарлатинаның алдын алуда ең тиімді шаралардың бірі – жеке бас гигиенасын сақтау. Балаларды қолды сабынмен жиі және дұрыс жууға, әсіресе тамақтанар алдында және көшеден келгеннен кейін қол тазалығына мән беруге үйрету қажет. Әр адамның жеке сүлгісі, тіс щеткасы, ыдысы және басқа да жеке қолданатын заттары болуы тиіс. Ортақ ыдыс-аяқ пен жеке гигиена құралдарын пайдалануға жол бермеу керек.

 

Сонымен қатар тұрғын үй-жайларды жүйелі түрде желдетіп, күнделікті ылғалды тазалау жүргізу маңызды. Адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу, әсіресе инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. Балалар арасында ауру белгілері байқалған жағдайда оларды ұйымдасқан ұжымға жібермей, дәрігердің кеңесіне жүгіну қажет.

 

Скарлатина анықталған кезде медициналық мамандардың ұсынымдарын қатаң орындау және емдеу тәртібін сақтау – инфекцияның әрі қарай таралуын болдырмаудың маңызды шарты. Антибиотиктерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау керек. Емді өз бетінше тоқтатуға немесе дәрілік препараттарды бақылаусыз қолдануға болмайды.

 

Құрметті ата-аналар! Баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жұқпалы аурулардың алғашқы белгілеріне бейжай қарамаңыздар. Қарапайым профилактикалық шараларды күнделікті сақтау скарлатинаның және басқа да тыныс жолдары инфекцияларының таралу қаупін төмендетуге көмектеседі.

 

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындарды жеке гигиена талаптарын сақтауға, ауру белгілері пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге және инфекцияның алдын алу шараларына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Оқылды 40 рет