Инфекцияның негізгі көзі — ауру адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы таралады: науқас сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде вирус қоршаған ортаға бөлінеді. Ауру адам бөртпе пайда болғанға дейін 2–3 күн бұрын және соңғы көпіршік пайда болғаннан кейін шамамен 5 күнге дейін айналасындағыларға жұқтыру қаупін тудырады. Сондықтан желшешекпен ауырмаған адамдарды науқаспен байланыстан қорғау қажет.
Егер сау бала желшешекпен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болса, ол 21 тәулік бойы медициналық бақылауда немесе оқшаулауда болуы тиіс. Байланыс болған күн нақты белгілі болған жағдайда, баланы қарым-қатынастың 11-тәулігінен бастап 21-тәулігіне дейін жеке ұстау ұсынылады. Бұл шара инфекцияның әрі қарай таралу қаупін азайтуға бағытталған.
Желшешек ауруы көбіне баланың жалпы жағдайының өзгеруінен басталады. Дене қызуы 38 °C-қа дейін көтерілуі, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы, әлсіздік және ұйқының бұзылуы байқалуы мүмкін. Кейін баланың бетінде, шашының арасында және денесінде бөртпелер пайда болады. Алғашқы кезде бөртпе көлемі шамамен 2–4 мм болатын дақтар мен түйіндер түрінде көрінеді. Бірнеше сағаттың ішінде олар іші мөлдір сұйықтыққа толған көпіршіктерге айналады. Бөртпелердің әртүрлі кезеңде пайда болуы желшешекке тән белгілердің бірі болып саналады.
Аурудың алдын алуда ең маңызды шаралардың бірі — науқасты дер кезінде анықтап, оқшаулау. Егер отбасында балада немесе ересек адамда желшешекке ұқсас белгілер байқалса, өздігінен емделмей, міндетті түрде медицина қызметкеріне жүгіну қажет. Науқаспен байланыста болған адамдардың денсаулығын бақылау да маңызды.
Үй жағдайында бөлмені жүйелі түрде желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Науқастың жеке заттарын, ыдыстарын және төсек жабдықтарын мүмкіндігінше бөлек пайдаланған жөн. Баланы балабақшаға немесе мектепке жібермей, толық оқшаулау қажет.
Желшешектің алдын алу — ата-ананың, білім беру ұйымдарының және медицина қызметкерлерінің ортақ міндеті. Ауруды ерте анықтау, науқасты оқшаулау және санитариялық талаптарды сақтау инфекцияның таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну — желшешектің алдын алудың маңызды қадамы.
Шымкент қаласы Еңбекші ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы