Жаңа цифрлық шешім медициналық көмекті қаржыландыру процесін ашық әрі тиімді ұйымдастыруға, деректерді өңдеу уақытын қысқартуға және қолмен орындалатын операцияларды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің жұмыс тәртібіне айтарлықтай өзгеріс енгізілмейді. Олар бұрыннан пайдаланып жүрген медициналық ақпараттық жүйелерде жұмысын жалғастыра береді.
Qalqan сервисінің маңызды ерекшелігі – көрсетілген медициналық көмек туралы қажетті ақпаратты қолданыстағы ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алуы. Яғни медициналық ұйым қызметкерлеріне бір ақпаратты бірнеше жүйеге қайта енгізудің қажеті жоқ. Бұл құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймай, медицина мамандарының негізгі жұмысына, яғни пациенттерге медициналық көмек көрсетуге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі – медициналық көмекке төлем жасау процесін цифрлық платформаға көшіру жүзеге асырылуда. Бүгінде Qalqan арқылы төлем жасаудың толық циклі Астана қаласындағы үш медициналық ұйымның базасында жүргізілді. Осы медициналық ұйымдарға көрсетілген және төленген медициналық көмектің жалпы сомасы 2,97 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар медициналық көмектің 92 түрі мен кіші тармағының 20-сы бойынша төлем жасаудың толық циклі сынақтан өткізілді. Бұл цифрлық сервистің негізгі процестерін тәжірибе жүзінде тексеруге және анықталған мәселелерді кезең-кезеңімен жетілдіруге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда тағы 60 медициналық көмек түрі мен кіші тармағы бойынша 16 медициналық ұйымның базасында пилоттық сынақ жұмыстары жалғасуда. Сынақтан өткізу нәтижелеріне қарай Qalqan сервисін қолдану аясы кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады.
Медициналық көмекті қаржыландыруды цифрландыру – жүйенің тиімділігін арттыруға, деректердің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жаңа сервистің толық енгізілуі медициналық ұйымдар мен Қор арасындағы қаржылық процестерді барынша ыңғайлы әрі заманауи форматқа көшіруге мүмкіндік береді.