Bacillus anthracis қоздырғышымен шақырылатын, клиникасында терінің серозды геморрагиялық қабынуымен, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен, қызба және интоксикациямен сипатталатын жедел бактериальды зоонозды инфекциялық ауру.
Сібір жарасы адамдарға ауырған малдардың және олардың өнімдері (еті, терісі, жүні т.б.) арқылы яғни малмен жанасқанда, күтім жасағанда, сойғанда, терісін алғанда, көмгенде жұғады.
Аурудың белгілері:
-Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң, қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады;
-Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей болып басталып, үдей түседі;
-Бөртпе 12-24 сағат өткеннен кейін диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе оның ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады;
-Бөртпе қышып шыдатпаған соң, ауруға шалдыққан адам оны қасып, бетін жаралап тастайды;
-Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір жарасының негізгі белгісі, дерттің атауы да осы қара даққа («anthrax»-«углевик») байланысты шыққан;
-Қабыршақ қатты, тығыз, күйдірілген сияқты болады. Оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды. Алғашында қабыршақ көлемі үлкен емес, диаметрі 2-3 мм. құраса, бірте-бірте оның мөлшері ұлғайып, оның шығыңқы бөлігі тері деңгейінен төмен түсіп, түсі қап-қара болып, тығызданады (тығыздылығын иленген терімен салыстыруға болады). Сібір жарасын сипаттауға болатын белгілерге орталық қабыршақтың маңайына аурудың алғашқы күндері екінші қайтара сулы бөртпелердің шығуын жатқызады;
-Тері жамылғысы өзгеруінің алғашқы сағаттарында дертке шалдыққан адам әлсіреп, селқос болып, басы ауырады;
-Алғашқы тәулік өткен соң немесе 2-ші күні дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, халі нашарлайды. Мұндай температура 5-6 күн бойы сақталып, күрт төмендейді.
Алдын - алу шаралары:
-Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының алдын алу шарасы - жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Сібір жарасына қарсы вакцина қолайсыз пункттердегі мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға және ет өнімдерін өңдеумен, мүшелеумен айналысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Үйде жеке мал болса, әр малды сібір жарасына қарсы егу керек.
-Егер сіз жануарлардан аурудың белгілерін байқасаңыз, дереу үйге ветеринар мамандарды шақырыңыз. Малды сою ветеринар маман қарап, жануардың денсаулығы туралы анықтама бергеннен кейін ғана арнайы орындарда ғана жүргізілуі керек. Мал еті ветеринарлық тексеруден өткізіліп, анықтама бергеннен кейін ғана сатылуы керек;
-Ет және басқа да жануарлардан алынатын өнімдерді арнайы мал дәрігерінің бақылауынан өтпеген, сатуға рұқсат құжаттары жоқ жеке тұлғалардан алуға болмайтындығын естеріңізге салғымыз келеді!