Сәрсенбі, 26 Тамыз 2026 20:37

Балалардың тіс саулығы – болашақ денсаулығының негізі

Баланың денсаулығы – әр ата-ана үшін ең маңызды құндылықтардың бірі. Оның ішінде ауыз қуысы мен тіс-жақ жүйесінің дұрыс қалыптасуы баланың жалпы денсаулығына, сөйлеуіне, тамақтануына және сыртқы келбетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тіс-жақ аномалияларын ерте анықтап, дер кезінде емдеу маңызды. Бүгінде ата-аналар үшін бұл бағытта қолжетімді мүмкіндіктердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін тегін ортодонтиялық көмек.

Шымкент қалалық тіс емханасында МӘМС жүйесі шеңберінде балалардың белгілі санаттарына ортодонтиялық қызметтер тегін көрсетіледі. Атап айтқанда, жақ-бет аумағының туа біткен патологиялары бар балалар, сондай-ақ 6 жастан 12 жасқа дейінгі атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы балалары тіс-жақ аномалияларын түзету мақсатында тегін ортодонтиялық көмек алуға мүмкіндік алады.

 

Ортодонтиялық емнің негізгі мақсаты – тістердің дұрыс орналасуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар жақ сүйектерінің өсуі мен дамуын үйлестіру. Баланың тіс-жақ жүйесінде байқалатын өзгерістерді уақытында анықтау кейінгі кезеңде күрделі мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан ата-аналар баланың тістерінде айқын қисықтық, тістердің дұрыс түйіспеуі, жақ сүйектерінің дамуындағы ерекшеліктер немесе шайнау кезінде қиындықтар байқалса, маманға қаралуды кейінге қалдырмағаны жөн.

 

Мамандар ортодонт дәрігерінің бақылауынан ерте жастан өтудің маңыздылығын атап көрсетеді. Баланың тіс-жақ жүйесі әлі қалыптасу кезеңінде болғандықтан, кейбір аномалияларды ерте анықтау және түзету анағұрлым тиімді болуы мүмкін. Уақытылы жүргізілген емдеу тістердің дұрыс орналасуына, жақ сүйектерінің үйлесімді дамуына және баланың болашақтағы ауыз қуысы денсаулығын сақтауға ықпал етеді.

 

Ортодонтиялық көмекке жүгіну баланың өзіне деген сенімділігін арттыруға да әсер етеді. Тістердің дұрыс орналасуы эстетикалық тұрғыдан ғана емес, сөйлеу, шайнау және ауыз қуысының гигиенасын сақтау тұрғысынан да маңызды. Дұрыс орналасқан тістерді тазалау жеңіл болып, ауыз қуысының күнделікті күтімін сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

 

Ата-аналар баланың тіс саулығына ерте жастан көңіл бөліп, профилактикалық тексерулерді тұрақты жүргізгені дұрыс. Ортодонт маманының кеңесі тіс-жақ жүйесінің даму ерекшеліктерін бағалауға және қажет болған жағдайда емдеу жоспарын уақытында анықтауға мүмкіндік береді.

 

МӘМС аясындағы тегін ортодонтиялық көмектің қолжетімді болуы – балалардың денсаулығын қорғау бағытындағы маңызды мүмкіндік. Өз кезегінде ата-ананың міндеті – баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қажетті медициналық көмекті уақытылы алу.

 

Баланың әрбір тісі мен жақ сүйегінің дұрыс дамуы – оның жарқын күлкісі ғана емес, ұзақ мерзімді денсаулығының кепілі. Сондықтан профилактикаға мән беріп, маман кеңесін уақытында алған жөн.

 

Балалардың денсаулығы – біздің басты назарымызда!

 

Шымкент қалалық тіс емханасы

Оқылды 48 рет